Қазығұрт аудандық мәдениет сарайы ғимаратында “21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне” арналған салтанатты мерекелік шара өтті.
Тағылымы мол мерекелік жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, мәдениет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– “Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ал өнер – халықтың жан дүниесінің айнасы. Сіздер елдің рухани байлығын арттырып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, бабадан аманат болған асыл мұрамызды келер ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Қазығұрт өңірінің мәдени өмірін жандандырып, өнерді өркендетуге қосып жүрген еңбектеріңіз – зор құрметке лайық. Өздеріңізге жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін” – деді.
Сонымен қатар мәдениет пен өнер саласында абыройлы еңбек етіп, ауданның рухани дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік кеш театрландырылған қойылыммен бастау алып, аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты.
Кеш барысында әуелеген ән шырқалып, мың бұралған би мен сахналық көріністер көрермен көңілінен шығып, рухани кештің сәнін арттырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1226455?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау