Қазіргі таңда елімізде құрылыс саласына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен күшейтіліп, нысандардың сапасы, қауіпсіздігі және халық үшін қолжетімді болуы басты назарға алынуда. Әсіресе, жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігін арттыра түсті.
Осы орайда «сәйкестік декларациясы» ұғымының маңызы ерекше. Сәйкестік декларациясы — салынған нысанның қолданыстағы заңнамаға, құрылыс нормалары мен жобалық құжаттама талаптарына толық сәйкес келетінін растайтын ресми құжат. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — нысанның қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін дәлелдейтін құжат.
Бүгінде мемлекет құрылыс қарқынына ғана емес, нысандардың халық үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуына басымдық беріп отыр. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар, қарт адамдар, қозғалысы шектеулі тұлғалар және балалы ата-аналар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі өзекті бағыттардың біріне айналды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Осы бағытта Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тиісті бақылау және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі — әлеуметтік және қоғамдық нысандарда қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау. Бұл ретте нысандарды бейімдеу, кедергісіз орта элементтерінің талаптарға сәйкестігі, азаматтардың қауіпсіз әрі өз бетінше қозғалу мүмкіндігі басты назарға алынады.
Атап айтқанда, пандустардың, санитарлық тораптардың, кіреберіс топтарының, лифтілердің, тактильді бағыттағыштардың, қозғалыс жолдарының және басқа да қолжетімді орта элементтерінің болуы мен талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Қолжетімділік — бір ғана элементпен шектелмейді. Бұл — адамның нысанды еш кедергісіз, қауіпсіз және еркін пайдалануына мүмкіндік беретін кешенді жүйе.
Сондықтан нысан белгіленген талаптарға толық сәйкес келмеген жағдайда сәйкестік декларациясына қол қойылмайды. Себебі бұл құжат құрылысқа қатысушылардың және нысанның дайын екендігін растайтын тұлғалардың жеке жауапкершілігін көздейді. Заң талаптарының сақталмауы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Жаңа Құрылыс кодексі ашықтық, жауапкершілік және құрылыс сапасы қағидаттарын күшейтуге бағытталған. Басты мақсат — нысанды жай ғана пайдалануға беру емес, оның қауіпсіздігін, функционалдығын және халық үшін толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Қолжетімді орта — бұл қоғамның өркениеттілігінің, әлеуметтік жауапкершілігінің және азаматтарға деген құрметінің көрсеткіші. Қазіргі заманғы инфрақұрылым әр адамға, оның денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан, қолайлы болуы тиіс.
Осыған байланысты құрылыс ұйымдарына қолжетімділік талаптарын құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескерудің маңызы зор екенін атап өткім келеді. Себебі талаптар неғұрлым ерте сақталса, нысан соғұрлым сапалы, қауіпсіз әрі тиімді болады.
Қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру — баршамызға ортақ міндет. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға негіз болады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Г.С.Тұрсынбаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1226622?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау