Түркістан қаласындағы жаңа этно-туристік кешен аумағында орналасқан алып киіз үйде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және белсенді азаматтарымен кездесті. Ауқымды басқосуға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев та қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті қасиетті Түркістанда жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан облыс тұрғындарына жолданған алғысты жеткізді.
Облыс басшысы саммиттің халықаралық маңызына тоқталып, Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті, өндірістік мүмкіндіктері және экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылып, 58 ірі жоба іске асырылған. Нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар биыл жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы 2,7 триллион теңгені құрап, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жиында ауыл шаруашылығы, өндіріс, экспорт, импортты алмастыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының агроөнеркәсіп, жылыжай шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы көшбасшылық орны ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер өңірдің даму бағыттарына қатысты пікірлерін білдіріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық өсіміне үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аталған жиынға қатысу арқылы өңірде жүзеге асырылып жатқан бастамалармен танысып, ауданға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы міндеттерді пысықтады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226881?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау