ТҮРКІСТАНДА МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВТЫҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнир қорытындыланды.
Дәстүрлі додаға Қазақстанның 10 өңірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген 13 команда құрамындағы 150-ге жуық жас былғары қолғап шебері қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
Халықаралық турнирде Түркістан облысының жас боксшылары жоғары нәтиже көрсетіп, 8 спортшы финалдық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде жерлестеріміз 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, өңір боксының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Атап айтқанда, 60 келі салмақта Алдияр Бахадур қарсыластарының бәрінен басым түсіп, чемпион атанды. 70 келіде финалда қос түркістандық Ерлан Дарманқұл мен Қайрат Иристаев қолғап түйістіріп, тартысты жекпе-жекте Ерлан жеңіске жетті. Сондай-ақ 75 келіде Алихан Прімбетов пен Ақпан Молдаш арасындағы финалдық кездесуде Алиханның мерейі үстем болды.
80 келіде Қуаныш Урумбасар алтын жүлдені иеленсе, 90 келіде Бақсұлтан Орынбек топ жарды. Ал аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Аян Дүйсенбек (+90 келі) қарсылас шақ келтірмей, турнир жеңімпазы атанды.
Қола жүлдеге ие болған спортшылар қатарында 50 келідегі Қуаныш Құралбай, 65 келідегі Сырым Отжан, 75 келідегі Нұрбек Серіков, 80 келідегі Ихтияр Алиддинов, 90 келідегі Ермахан Төлепберген және аса ауыр салмақтағы Алдияр Искаков пен Саян Ұлан бар.
Айта кетейік, 70 келідегі Түркістан облысының дарынды боксшысы Ерлан Дарманқұл турнирдің «Ең үздік боксшысы» атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, турнир иесі Мұхтархан Ділдәбеков, әлем чемпионы Қайрат Ералиев, облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Айтмурзаев және спорт саласының бірқатар басшылары марапаттады. Спортшыларға арнайы алғыс хаттар, медальдар мен чемпиондық белбеулер табысталды.
Айта кетейік, аталған халықаралық турнир жас боксшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі бокстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1226797?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version