Келес ауданында «Бала қауіпсіздігі – қоғам мен ата-ананың ортақ міндеті» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өтті. Тағылымды жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан прокурорының міндетін атқарушы Ернар Саржан, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Мырзахметов, аудандық білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубай, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Рахматулла Ермеков, сондай-ақ мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері мен ата-аналар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіптерден қорғау, буллингтің жолын кесу және ата-ананың жауапкершілігін арттыру.
Жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі тек мектептің немесе мемлекеттің ғана емес, ең алдымен отбасының басты міндеті екенін атап өтті.
— Балаға ең қымбат дүние – ата-ананың назары. Ең үлкен қорған – ата-ананың қамқорлығы. Ал ең мықты тәрбие – ата-ананың жеке үлгісі. Біз балаларымызға қауіпсіз балалық шақ сыйлай алсақ, ертең елін сүйетін, саналы әрі білімді ұрпақ қалыптастырамыз, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, ол жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, интернетке тәуелділік, психологиялық күйзеліс пен түнгі бақылаусыздық мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Форум барысында сала мамандары бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, ата-аналарға нақты ұсыныстар мен кеңестер берді.
Жарыссөз кезінде №65 жалпы білім беретін мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Арайлым Сейілбекова, №7 жалпы білім беретін мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Нұрбек Момбеков және №22 З.Рүстемов атындағы жалпы білім беретін мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Абдихашим Әлімқұлов сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды қоғам болып бірлесе жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226868?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау