Тұрғындардың өтініші назарда: облыс әкімі онлайн қабылдау жүргізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров азаматтарды қабылдап, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және жұмыспен қамту мәселелерін қарады.

Өңір басшысының онлайн қабылдауына Әйтеке би, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Хромтау, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласының тұрғындары жазылған.

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды. Тұрғындар баспананы жекешелендіруге жәрдемдесуді, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспана бойынша жалдау төлемдерінің берешегін шешуді сұрады, сондай-ақ қамқорлықтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Қабылдау барысында халықты әлеуметтік қолдау мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындар көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуді және жұмыссыз туыстарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді сұрады.

Инфрақұрылым мәселелеріне де баса назар аударылды. Ақтөбелік тұрғындардың бірі Қарғалы тұрғын алабында балалар ойын алаңын салу мәселесін көтерсе, Әйтеке би ауданының тұрғыны «Ақтөбе – Қарабұтақ – Т. Жүргенов ауылы» бағытындағы жолды жөндеуді сұрады.

Көтерілген барлық мәселе бойынша өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен салалық басқармаларға әрбір өтінішті жан-жақты қарап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Тұрғындардың әрбір өтініші мұқият әрі нақты көзқарасты талап етеді. Бүгін көтерілген барлық мәселе толық қаралып, нақты шешім қабылданғанға дейін бақылауда болады», – деді облыс әкімі.

Еске салайық, аймақ басшысы азаматтарды офлайн және онлайн форматында қабылдайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1227009?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version