АЛМАТЫДА ІШЕКТІҢ ҚАБЫНУ АУРУЛАРЫ БОЙЫНША X ҰЛТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында гастроэнтерология, колопроктология, педиатрия, хирургия және сабақтас салалардың жетекші мамандарын біріктірген ішектің қабыну аурулары (ІҚА) бойынша X Ұлттық форум өтті.

Форумды ұйымдастырушылар қатарында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ бейінді кәсіби қауымдастықтар болды.

Форум отандық және халықаралық жетекші сарапшылардың қатысуымен гибридті форматта ұйымдастырылды.

Ресми ашылу қарсаңында Қалалық жедел шұғыл жәрдем ауруханасының базасында «ІҚА-ның заманауи хирургиясы: көрсетілімнен нәтижеге дейін» атты практикалық мастер-класс өтті. Мастер-класс шеңберінде Крон ауруының асқынған түрлерімен ауыратын пациенттерге жасалған аса күрделі хирургиялық операциялар тікелей эфирде көрсетілді.

Форумның ұйымдастыру комитеті жоғары технологиялық операцияларды жүргізгені және ІҚА-мен ауыратын пациенттерге хирургиялық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Мәскеу қаласынан келген профессор Армен Варданянға ерекше алғыс білдірді.

Салтанатты ашылу барысында форумға қатысушылар отандық гастроэнтерология мектебінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым профессор Ельдос Изатуллаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Жамила Қайбуллаева ішектің қабыну ауруларын емдеудегі таргеттік биологиялық терапия мен шағын молекулалар саласындағы заманауи жетістіктер пациенттердің болжамын айтарлықтай өзгерткенін атап өтті.

«Кәсіби қауымдастық алдында ерте диагностиканы қамтамасыз ету, диагностикалық кідірісті қысқарту, емдеудің заманауи тұжырымдамаларын енгізу және пациенттерде тұрақты ремиссияға қол жеткізу секілді маңызды міндеттер тұр», — деді Жамила Қайбуллаева.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, 2024 жылы институт базасында Қазақстандағы алғашқы Республикалық ІҚА орталығы құрылып, клиникалық, білім беру және ғылыми қызметті біріктірді.

Оның сөзінше, институт диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін белсенді енгізіп, халықаралық зерттеулерге қатысып келеді және гастроэнтерологияны қоса алғанда, терапиялық мамандықтар бойынша резиденттерді даярлайтын академиялық клиникалық база болып табылады.

Форумның негізгі спикерлері қатарында әлемдік деңгейдегі танымал сарапшылар сөз сөйледі: Dino Tarabar (Сербия) — MD, PhD, AGAF, Белград әскери-медициналық академиясының ІҚА бойынша маманы; Paulo Gustavo Kotze (Бразилия) — MD, MSc, PhD, Парана католиктік университетінің колоректалдық хирургия бөлімшесіндегі ІҚА қызметінің маманы; Rupert Leong (Аустралия) — Сидней университетінің гастроэнтерология профессоры.

Мерейтойлық бағдарламаның маңызды бөлігі кәсіби байқаулардың қорытындысын шығару және медицина қауымдастығының үздік өкілдерін марапаттау болды.

Марапаттар «Жылдың үздік маманы» — ІҚА қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін, «Жыл серпіні» — ІҚА мәселелері бойынша тәлімгерлік циклдердің үздік нәтижелері үшін, сондай-ақ «Жас ғалымдар байқауы» — болашағы зор жас зерттеушілер мен мамандарды қолдау мақсатында табысталды.

Мерейтойлық X Ұлттық форум ішектің қабыну ауруларымен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, заманауи клиникалық ұсынымдарды талқылау және тәжірибе алмасу бағытындағы Қазақстандағы маңызды кәсіби алаңдардың бірі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1227123?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version