Кувейт қазақстандық агроөнімдерді жеткізудің өңірлік хабына айналуы мүмкін

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ӘлКувейт, 2026 жылғы 24 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі агенттігінің (Kuwait Direct Investment Promotion Authority – KDIPA) Бас директоры шейх Мишааль Джабер Әл-Ахмад Ас-Сабахпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын жан-жақты талқылап, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік саладағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қазақстан Елшісі Кувейт тарапын Қазақстанның өңірдегі ірі аграрлық өндірушілердің бірі ретіндегі әлеуеті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы хабардар етті.

Осы тұрғыда Кувейт тарапы Кувейт бизнесінің Қазақстандағы өндірістік кәсіпорындарды сатып алу және дамыту жобаларына қатысу мүмкіндіктеріне, кейіннен өнімдерді Кувейтке жеткізу және оларды өңдеу бағыттарына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, Кувейтті Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына өнім жеткізуге арналған өңірлік хаб ретінде пайдалану мүмкіндігі атап өтілді.

Бұдан бөлек, тараптар KDIPA мен Қазақстанның бейінді инвестициялық құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, бірлескен бастамаларды ілгерілету және екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі кувейттік инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін таныстырып, халықаралық инвесторлардың елеулі қызығушылығын тудырып отырған әрі Орталық Азиядағы ең перспективалы инвестициялық және технологиялық жобалардың бірі саналатын «Alatau City» жаңа қаласы жобасының іске асырылуы басталғанын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, Мишааль Джабер Әл-Ахмад Ас-Сабах Кувейт тарапының Қазақстанмен инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Kuwait Direct Investment Promotion Authority (KDIPA) – 2013 жылы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және сүйемелдеу, Кувейттің инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету және қолайлы бизнесортаны дамыту мақсатында құрылған мамандандырылған мемлекеттік орган.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1227135?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version