Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры жанындағы Орыс театрының 90 жылдығына арналған салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты.
«Еліміздегі ең көне шығармашылық ұжымдардың бірі әрі Шығыс Қазақстанның мақтанышы саналатын Орыс театрын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Театр тарихы 1936 жылы Николай Гогольдің “Үйлену” пьесасын сахналаудан бастау алған. Содан бері бұл сахна өңірдің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне, руханият пен өнердің, шығармашылықтың орталығына айналды. Осы жылдар ішінде ұжым үлкен шығармашылық жолдан өтті, көрерменге жүздеген спектакль мен ұмытылмас образ сыйлады. Әр буын әртістері, режиссерлері, суретшілері мен сахна қызметкерлерінің адал еңбегінің арқасында театр Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танылды», – деді театр өнері өкілдерін мерейтойымен құттықтаған Нұрымбет Сақтағанов.
Өңір басшысы сахна ардагерлері мен өңір мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген театр қызметкерлерін марапаттады. Сонымен қатар театр ұжымына автобус сыйға тартылды.
Өзінің ұзақ жылдық тарихында театр кәсіби деңгейінің жоғары екенін талай мәрте дәлелдеді. Ол республикалық және халықаралық фестивальдерде көптеген марапаттарға ие болды. Мәселен, 2007 жылы Астанада өткен XV республикалық «Ура, каникулы!» театр фестивалінде К. Чуковскийдің музыкалық ертегісі «Үздік ертегі» номинациясының лауреаты атанды.
Ал 2011 жылы Ресейде өткен VI халықаралық «Соотечественники» фестивалінде «Пушкинді ойнаймыз» спектаклі «Пушкин прозасын сахнада шебер бейнелегені үшін» арнайы дипломмен марапатталды. Бұл қойылым 2012 жылы Молдовада өткен IV халықаралық «MOLDFEST. RAMPA. RU» камералық театрлар мен шағын формадағы спектакльдер фестиваль-зертханасының лауреаты болды. Сондай-ақ 2015 жылы спектакль Ресейдегі XX халықаралық «РУССКАЯ КЛАССИКА. ЛОБНЯ» театр фестивалінде Гран-при иеленді.
Театрдың негізін қалаған алғашқы қойылым – Н. Гогольдің «Үйлену» спектаклі 2014 жылы Ресейде өткен XIX халықаралық «РУССКАЯ КЛАССИКА. ЛОБНЯ» театр фестивалінде бірден үш аталым бойынша – «Спектакльдің үздік безендірілуі», «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік эпизодтық рөл» номинацияларында жеңімпаз атанды. Ал 2016 жылы бұл қойылым Астанада өткен IV халықаралық «Сахнадан сәлем!» театр фестивалінің лауреаты болды.
2019 жылы театр халықаралық театр фестивальдеріне қатысты: Астанадағы «SAMGAU» фестивалінде О. Жанайдаровтың «Жұт» спектаклін, Беларусьтегі «Белая Вежа» фестивалінде К. Чуковскийдің «Друзья Федоры» аудиотактильді қойылымын ұсынды. Ю. Тупикинаның «Ба» спектаклі 2020 жылы Ресейде өткен VIII халықаралық CHELоВЕК ТЕАТРА шағын формадағы спектакльдер фестиваль-зертханасының лауреаты атанды.
Ал А. Пушкин шығармасы бойынша қойылған «Дубровский. Начало…» спектаклі 2024 жылы Беларусьтегі XXVIII халықаралық «Белая Вежа» театр фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль» номинациясында жеңіске жетті.
Театр ұжымы гастрольдік сапарлармен Қазақстанның түрлі қалаларында ғана емес, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Украина елдерінде де өнер көрсетті.
Театр ұжымының айтуынша, мұнда ұзақ жылдар бойы сахна шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері қызмет етіп келеді. Сонымен қатар жас актерлер де қатарға қосылуда. Театрда бірнеше шығармашылық әулет қалыптасқан. Олардың қатарында Мищенко, Латфи, Кобловтар, Ворониндер, Снегиревтер, Витман және Емельяновтар әулеттері бар. Бұл әулеттердің театрға қызмет ету жолы бірнеше жүз жылды қамтиды.
Ұжым құрамында Қазақстан Театр қайраткерлері одағының жеті мүшесі еңбек етеді. Олар – режиссер әрі актер, шетелдегі орыс театрлары қауымдастығының мүшесі Сергей Астраханцев, көркемдік жетекші Андрей Воронин, актерлер Владимир Муравицкий, Тамара Коблова, Марина Соколова, Юлия Забавская және Надежда Коровина.
Бүгінде театр репертуарында классикалық және заманауи драматургия туындылары, жас көрерменге арналған ертегілер бар.
Айта кету керек, мерейтойлық іс-шаралар Карло Гольдонидің пьесасы негізінде қойылған «Кьоджин жанжалдары» лирикалық комедиясының премьерасымен басталды. Қойылымды театр ұжымымен бірге мәскеулік режиссер Ильдар Хуснуллин мен суретші Анна Бовина сахналады.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1227103?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау