Бүгін Абай облысының мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты шаралар өтуде. Биыл өңірде 100 мыңнан астам оқушы оқушы оқу жылын аяқтады, оның ішінде 6065 түлек 11-сыныпты тәмәмдап отыр. 438 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы №50 ІТ-мектеп-лицейінде өткен салтанатты шараға қатысып, өңірдегі мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды мерейлі мезетпен құттықтады.
«Мемлекет басшысы биыл жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі маңызды бастамаларды айқындап, еліміздің білім саласын жаңа сапалық деңгейге көтерудің стратегиялық бағытын белгіледі. Бұл – уақыт талабы ғана емес, болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тарихи қадам. Осы орайда облысымызда ашылған IT мектеп-лицейіне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Себебі, бұл білім ордасы – цифрлық технологиялар мен инновациялық ойлаудың орталығы, болашақ инженерлер мен білікті ІТ мамандарын тәрбиелейтін маңызды алаң. Бүгінгі жас түлек – ертеңгі елдің интеллектуалды капиталы. Сондықтан заман талабына сай білім алып, жаңа технологияларды игерген ұрпақ қана әділетті Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастырады. Сіздерге үлкен өмір жолында батыл қадам, биік мақсат, сарқылмас жігер тілеймін. Әрқайсыңыздың туған елдің дамуына үлес қосатын білімді де білікті, отаншыл азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін!», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы соңғы қоңырау шарасынан кейін мектеп оқушыларының шығармашылық жетістіктері қойылған көрмені тамашалап, әртүрлі үйірмелердің жұмысымен танысты.
Биыл аталған білім ордасын 60 түлек аяқтап отыр. Олардың қатарында 3 «Алтын белгіге» және 5 үздік аттестатқа үміткер бар. №50 ІТ-мектеп-лицейі оқу жылын жоғары нәтижемен қорытындылады. Білім ордасының 332 оқушысы халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада, жарыс және сайыстардың жеңімпазы атанды.
Облыста білім саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өңірде Президент тапсырмасына сәйкес 5 «Келешек мектебі» мен Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Семей қаласындағы екі мектепке қосымша ғимараттар салынуда. «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы «Келешек мектебін» салуды жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1227437?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау