СҚО-да ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Петропавлда өңірдегі алғашқы Инклюзивті спорт орталығының құрылысына старт берілді. Жаңа нысан «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бой көтереді.
Мұндай орталықтарды еліміздің барлық өңірінде ашуды бұған дейін Мемлекет басшысы тапсырған болатын. Президент мұндай нысандар тек елордада ғана емес, әр облыста қолжетімді болуы қажет екенін атап өткен. СҚО үшін бұл жоба қолжетімді орта қалыптастыру және спортшылар, параспортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктер жасау жолындағы маңызды қадам болмақ.
Бүгін Петропавлда «Самұрық-Қазына» қорының 20 жылдығы аясында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың қатысуымен Инклюзивті спорт орталығының құрылысына капсула салынды.
Солтүстікқазақстандық параспортшылар үшін мұндай нысанның ашылуы ерекше маңызға ие. Шыңғыс Ризабек спортпен 10 жылдан бері айналысады. Дзюдодан спорт шеберіне кандидаттың есту қабілеті бұзылған және ол қолжетімді инфрақұрылымның қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.
«Жаңа спорт нысаны – бұл жаңа мүмкіндіктер. Сурдоспортпен айналысуға арналған жабдықтар болады. Жаңа буын спортшыларының лайықты өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуіне үлкен мүмкіндік ашылады», – деді спортшы Шыңғыс Ризабек.
Аумағы 3,5 мың шаршы метрден асатын орталықта тренажер залы, әмбебап спорт залы, жекпе-жек залдары, төрт жолақты бассейн, сондай-ақ заманауи спорттық жабдықтар орналастырылады.
«Бүгінгі таңда бізде 400-ге жуық инклюзивті спортшы, Қазақстан Республикасының чемпиондары бар. 15-тен астам параспортшымыз халықаралық жарыстардың жүлдегерлері. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорының инклюзия бағытындағы негізгі құндылықтары мен міндеттерінің бірі – ерекше балаларымызға, сондай-ақ параспортшыларға тең мүмкіндік беру», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауганов.
Өңірде басқа да әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Петропавлдағы «Qyzyljar Creative Center» орталығында мүгедектігі бар адамдар шығармашылық әлеуетін дамыта алады. Сондай-ақ екі жылдан бері «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Мұнда неврологиялық аурулары бар үш жасқа дейінгі балалар тегін оңалтудан өтеді. Осы уақыт ішінде 700-ден астам бала көмек алды.
СҚО-да «Самұрық-Қазына» қорының қолдауы түрлі бағыттарды қамтиды. Айыртау ауданында қор есебінен 500 балаға арналған көпфункционалды спорт кешені жұмыс істейді. Жалпы соңғы 10 жылда қор облыста құны 5 млрд теңгеден асатын 9 әлеуметтік жобаны іске асыруға қолдау көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1227459?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау