Алматы облысында 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер жазғы үш айлық каникул кезінде уақытша жұмысқа орналасып, 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Яғни жазғы демалысты тиімді пайдаланып, ай сайын шамамен 118 мың теңгеге дейін жалақы алу мүмкіндігі бар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ол үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіріп, «Менің жазғы каникулым» бөліміне тіркеліп, түйіндеме жүктеу қажет. Кейін жастар өзіне ыңғайлы бос жұмыс орындарын таңдап, өтінім бере алады. Ал 14–15 жастағы оқушылар үшін платформадағы жеке кабинетке ата-анасы немесе заңды өкілі тіркеледі.
Бағдарлама Еңбек мобильдігі орталығы арқылы, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту бағдарламасы маусым айында басталады. Жоба аясында биыл 800-ге жуық оқушы мен студент жұмысқа қабылданады.
Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, кітапхана немесе лагерь жетекшісінің көмекшісі, SMM маманы секілді жеңіл әрі қауіпсіз жұмыстарды атқарады. Олар күніне шамамен 7 сағатқа дейін жұмыс істей алады.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жас аралығындағы жастар үшін 36 сағаттан аспауы тиіс.
«Біздің басты мақсатымыз – жастарға қауіпсіз еңбек жағдайында алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беру. Бағдарлама еңбек мәдениетін қалыптастырып, болашақ мамандықты таңдауға да ықпал етеді. Жұмысқа орналастыру толықтай Еңбек кодексі аясында жүргізіледі. Жобаға 14 жастан бастап қатысуға болады. Алайда 14–15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа ата-анасының немесе заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімімен ғана қабылданады. Ал 16–18 жас аралығындағы жастар платформаға өз бетінше тіркеліп, бос жұмыс орындарына өтінім бере алады. Жұмысқа қабылданғаннан кейін еңбек шарты мен жұмысқа орналасқаны туралы хабарлама ата-аналардың телефонына автоматты түрде жіберіледі. Жалақы Алматы облысының еңбек мобильділігі орталығы арқылы төленіп, қаражат тікелей жеткіншектің банк картасына аударылады», – деді Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов.
Қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандарға ауыр және қауіпті жұмыстарда, түнгі ауысымда, сондай-ақ алкоголь мен темекі өнімдері сатылатын орындарда еңбек етуге тыйым салынады. Сондықтан жүйе заң талаптарына сәйкес келмейтін вакансияларды автоматты түрде бұғаттайды.
Мансап орталығы жұмыс берушілердің қызметіне күн сайын мониторинг жүргізеді. Жұмыс берушілер еңбек порталында жұмыс уақыты туралы мәліметтерді әр айдың 25-іне дейін тапсырып отыруы тиіс.
Айта кетейік, 2025 жылғы жазғы демалыс кезеңінде өңірдегі 500-ге жуық оқушы мен студент уақытша жұмыспен қамтылған болатын. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілді.
Бағдарлама жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, еңбек тәжірибесін жинақтауына және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
Алматы облысы әкімінің
баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1227496?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау