Алматыда адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинациялау бағдарламасының ауқымы кеңейіп жатыр. Науқан басталғалы бері 11–13 жас аралығындағы 15 398 қыз бала екпе алған. Сонымен қатар қалада вакцинадан кейін ауыр жанама әсер алған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова осылай деді.
Оның айтуынша, бағдарламаға ата-аналар сенім артып, қамтылу деңгейі де өсе бастаған. 2024 жылдың соңында вакцинациядан 5077 қыз бала өтсе, былтыр бұл көрсеткіш 7544-ке жеткен екен. Биылғы қаңтар-мамыр айы аралығында тағы 2777 жасөспірім екпе алған.
«Бақылау уақыты аралығында Алматыда ауыр жанама әсер алған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Бұл қолданылып жатқан вакцинаның толық қауіпсіз екенін дәлел бола алады», — деп атап өтті Райхан Болатбекова.
Спикердің айтуынша, 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жасөспірім қыздарға арналған қосымша вакцинациялау жұмысы ресми түрде басталды. Вакцинация ата-ананың немесе заңды өкілдердің жазбаша келісімімен ерікті түрде жүргізіледі.
Екпе мектептердің, колледждердің медициналық кабинеті мен аумақтық емханаларда ұйымдастырылған.
Брифинг барысында HPV-ге қарсы вакцинациялауға байланысты қаңқу сөзге де назар аударды. Мамандардың айтуынша, ең жиі кездесетін жалған пікірдің бірі — вакцинаның бедеулікке алып келетіні туралы ақпарат болып шыққан.
«HPV-ге қарсы вакцина бедеулікке алып келеді деген пікір — ғылыми тұрғыда жоққа шығарылған жалған ақпарат. Керісінше, вакцина жатыр мойны обырынан қорғай отырып, репродуктивтік денсаулықты сақтауға көмектеседі», — деп түсіндірді Райхан Болатбекова.
Сондай-ақ спикер вакцина құрамында тірі вирус жоқ екенін және оның ауру туғызбайтынын атап өтті. Вакцинация жыныстық өмір басталғанға дейін жасалған жағдайда барынша тиімді саналады, өйткені дәл осы кезеңде иммундық жүйе ең күшті қорғаныс қалыптастырады екен.
Алматы онкологиялық орталығының мәліметінше, скринингтік бағдарламалар мен профилактиканың ұлғаюының арқасында қалада жатыр мойны обыры мен обырға дейінгі жағдайды ерте анықтау көрсеткіші артқан.
Алматыда жыл сайын жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған скринингтен 90 мыңнан астам әйел өтеді. 2025 жылы осы диагнозбен 179 пациент есепке алынған, олардың 60%-дан астамында ауру бірінші сатысында анықталды.
«Қазіргі заманғы скрининг бүгінде әйелдердің өмірін сақтап қалуға көмектесіп жатыр, ал вакцинация болашақ ұрпақты қорғауға мүмкіндік береді», — деп қорытындылады сөзін спикер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1227484?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау