100 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба 250 жұмыс орнын ашып, ЕАЭО және ЕО елдеріне мыс өнімдерін экспорттайды.
«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағында Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасының іргетасын қалау рәсімі өтіп, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді.
Ауқымды өнеркәсіптік жоба Ақтөбе облысы әкімдігі және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен, қытайлық Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group инвестициясы және «Phoenix Industrial Group» ЖШС серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов, Қытай Халық Республикасының Ақтөбедегі Бас консулы Го Юй, Jin Yi Yuan Fang Holding Group бас кеңесшісі Фэнг Сонг, Guda Wire and Cable (Group) Co., Ltd. атқарушы президенті Ли Хаодие, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бұл оқиға Ақтөбе облысы үшін ғана емес, тұтас ел үшін де маңызды кезең саналады. Қазақстан тау-кен металлургиясы саласында толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жылына 25 000 тонна тазартылған мыс катанкасын өндіруге арналған жаңа зауыт еліміздің өңірлерінде жиналған мыс сынығын терең өңдеумен айналысады және Ақтөбені мыс өнеркәсібінің өңірлік хабына айналдыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өз сөзінде жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше басымдық берілуде. Осы бағытта өңірге инвестиция тарту, импортқа тәуелділікті төмендету және өндірісті дамыту мақсатында Ә. Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында жалпы көлемі 858 гектарды құрайтын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Бұл жоба — жыл басында Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарымыз барысында жүргізілген келіссөздердің нақты нәтижесі әрі аталған арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын алғашқы зауыт. Сондықтан бұл бастама өңір экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді. Біз бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім мен тиімді экономикалық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналады деп сенеміз», — деді облыс әкімінің орынбасары.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, бүгінгі күні қытайлық тараптан салынған инвестициялардың жалпы көлемі 25 млрд долларды құрайды, ал елімізде шамамен 250 инвестициялық жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр. Орталық Азияға келетін қытайлық инвестициялардың 60 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі – бұл өте жоғары көрсеткіш. Алдағы 3-5 жыл ішінде жалпы инвестициялар көлемі 100 млрд долларға жетеді деп жоспарлануда.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өндірілетін өнім – мыс катанкасы мен кабельдік бұйымдар. Дайын өнім ішкі нарыққа да, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа Одағы елдерінің нарықтарына да экспортталатын болады.
Жоба мемлекеттің индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру саясатына толық сәйкес келеді.
Өндірісті «Ақтөбе» АЭА аумағында орналастыру инвесторға жеңілдетілген салықтық және кедендік режимдерді, сондай-ақ дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Шикізат ретінде мыс сынығын пайдалану «жасыл» металлургия қағидаттарына сай келіп, саланың көміртек ізін азайтуға ықпал етеді.
Жобаны іске асыру өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға, елдің экспорттық әлеуетін күшейтуге, Ақтөбе облысының өнеркәсіп секторына қосымша тікелей шетелдік инвестициялар тартуға және жоғары қосылған құнға ие жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1227810?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау