2026 жылғы 22 мамырда Егіндікөл ауылында сегізінші шақырылған Егіндікөл аудандық мәслихатының кезекті XXXIX сессиясы өтті.
Отырыста депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2025 жылғы жұмыс қорытындыларына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қарады.
2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеппен Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Викторович Курушин сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол бюджеттің орындалу көрсеткіштеріне, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына және ауданның дамуы бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, Егіндікөл ауданына қарасты ауылдық округтер мен ауыл әкімдерінің өткен жылғы жергілікті бюджеттердің орындалуы жөніндегі есептері тыңдалды.
Сессия жұмысына Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Асхат Каркенов қатысты. Өз сөзінде ол аудан бюджетінің орындалуына оң бағасын беріп, аудан басшылығын Егіндікөл ауданының дамуы үшін инвестиция тарту жұмыстарын одан әрі жалғастыруға бағыттады.
Сондай-ақ, сессия барысында аудандағы эпидемиологиялық жағдай мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің 2025 жылғы жұмысының қорытындыларына ерекше назар аударылды. Бұл мәселе бойынша «Егіндікөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ басшысының міндетін атқарушы Данияр Кареев баяндама жасады.
Пленарлық отырыс басталғанға дейін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер алдын ала қаралды.
Сессия жұмысы іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-egin/press/news/details/1227664?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау