Кене энцефалиті – орталық және шеткері жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру. Оның негізгі тасымалдаушылары – кенелер. Жұқтырған кененің шағуы адам денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Кенелермен тек табиғат аясында ғана емес, қала ішінде де кездесуге болады.
Алдын алу шаралары денсаулыққа төнетін қауіпті салдардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Аурудың алдын алу шараларының бірі – эндемиялық аумақтарда кене шаққан адамдарға шаққаннан кейін 72 сағат ішінде иммуноглобулинмен уақтылы серопрофилактика жүргізу және тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымның 21 күнтізбелік күн бойы тұрақты түрде дене қызуын бақылау арқылы медициналық қадағалау ұйымдастыру.
Кене энцефалитінің алдын алудағы өзекті шаралардың бірі – вакцинация. Табиғи ошақтарда жұмыс істейтін немесе болатын адамдар профилактикалық екпеге жатады. Вакцинация ауруға шалдыққандар санын едәуір азайтып, ауыр асқынулардың алдын алады. Иммундаудың жоспарлы және шұғыл түрлері бар. Тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін вакцина үш рет енгізіледі. Вакцинацияны қыс айларында бастап, сол маусымда немесе келесі маусым басталғанға дейін аяқтаған жөн. Қайта вакцинация 3 жылдан кейін, ал кейінгілері әр 5 жыл сайын жүргізіледі.Вакцинацияға қарсы көрсетілімдерге орташа және ауыр жедел аурулар, алдыңғы вакцинация кезінде болған аллергиялық реакциялар, сондай-ақ созылмалы аурулардың асқынуы жатады.
Табиғи ошақ аймақтарындағы балалар мен ересектер демалатын орындарға кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу, аумақтарды тазалау және абаттандыру да ауру қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Халықты табиғат аясында қауіпсіз болу ережелерімен таныстыру, соның ішінде арнайы қорғаныш киімдерін кию, бір-бірін мерзімді тексеріп отыру және репелленттер қолдану – кене энцефалитінің алдын алудың тиімді шараларының бірі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1227357?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау