Мойынқұм ауданында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы маңызды іс-шаралардың бірі — «БІРТҰТАС ЕЛ – БІРТҰТАС ЖЕР» тақырыбындағы аудандық жиын өтті. Аталған басқосу өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және жастарды ел қорғау жолындағы жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараны Мойынқұм аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен аудандық білім бөлімі бірлесіп өткізді. Жиынға алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары, білім саласының мамандары мен жауапты сала өкілдері қатысты.
Жиын барысында қазіргі таңда жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейтудің маңыздылығы кеңінен қозғалды. Әсіресе, жас буынның бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру, әскери қызметтің қоғамдағы беделін арттыру, сондай-ақ әскери білім беру жүйесін насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында жалпы білім беретін мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіру, жоғары сынып оқушыларымен кездесулер өткізу, ерлік сабақтарын ұйымдастыру және әскери мамандықтардың артықшылықтарын кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, қатысушылар жастардың әскери салаға деген қызығушылығын арттыруда ұстаздардың, ардагерлердің және әскери қызметкерлердің рөлі ерекше екенін атап өтті. Ел тыныштығы мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әр азаматтың қасиетті борышы екені айтылып, Отан алдындағы қызметтің мәртебесі мен жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді.
Жиын қорытындысында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру, мектептерде түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
«Ел қорғайтын ұрпақ — елдің ертеңі». Жас ұрпаққа берілген сапалы тәрбие мен дұрыс бағыт — болашақтағы ел қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақты дамуының берік кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1227438?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау