Меркі ауданында мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен облыстық волейбол турнирінде Мойынқұм ауданының құрамасы жоғары ойын өрнегін көрсетіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Облыстың әр ауданынан жиналған командалар арасында тартысты өткен додада мойынқұмдық спортшылар ұйымшылдық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Турнирге облыстың 8 ауданынан мемлекеттік қызметкерлер қатысып, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік байланысты нығайту және командалық рухты дамыту мақсатында өзара бақ сынасты.
Жарыстың топтық кезеңінде Мойынқұм ауданының құрамасы қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, сенімді ойын көрсетті. Атап айтқанда, команда Байзақ ауданын 2:0 есебімен жеңсе, Шу ауданын 2:1 есебімен, ал Жуалы ауданын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Осы нәтижелердің арқасында мойынқұмдықтар финалдық кезеңге жолдама алды.
Финалда Мойынқұм құрамасы турнир қожайыны — Меркі ауданының командасымен кездесті. Көрермендер қызыға тамашалаған шешуші ойында екі команда да жоғары дайындықпен өнер көрсетті. Алайда ойын барысында мойынқұмдықтардың ұйымшылдығы, шапшаңдығы мен тактикалық артықшылығы айқын байқалып, кездесу 2:0 есебімен Мойынқұм ауданының пайдасына аяқталды.
Турнир қорытындысы бойынша:
🥇 І орын — Мойынқұм ауданы
🥈 ІІ орын — Меркі ауданы
🥉 ІІІ орын — Шу ауданы иеленді.
Сонымен қатар, жарыс барысында жоғары шеберлігімен көзге түскен Жалғас Құдайберген «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды. Оның алаңдағы белсенділігі, тактикалық ойыны мен көшбасшылық қабілеті команда жеңісіне зор үлес қосты.
Аталған жеңіс — аудан спортшыларының жүйелі дайындығы мен бірлігінің, спортқа деген жауапкершілігінің нәтижесі. Мемлекеттік қызметкерлер арасында ұйымдастырылған мұндай жарыстар әріптестік байланысты нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да үлкен серпін береді.
Мойынқұм ауданының командасын жарқын жеңісімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да биік белестерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1227489?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау