2026 жылғы 14 мамырда тарихы терең Қаратөбе ауданында «Батыс Қазақстан облыстық білім саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жоспарлы облыстық семинары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Жаңа дәуірдегі мектеп миссиясы: кеше мен бүгін» тақырыбындағы алқалы жиын тағылымы мол форум форматында өтті.
Ауқымды шараға БҚО білім басқармасының бас маманы Әділ Ахмет, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, салалық кәсіподақ ұйымының облыстық төрағасы Марат Даупаев, сондай-ақ аймақтың білім шырақтарын жаққан ардагерлер мен мектеп ұстаздары қатысты.
Көздің жауын алған «Қазақ биі» шеруімен басталған форум аясында «Ұлттық құндылық – ұрпаққа өнеге», «Қолөнер – құнды қазына», «Қосымша білім беру керуені» және «Жеңімпаз ұстаздар аллеясы» атты кең көлемді көрмелер ұйымдастырылды. Мұнда мектептердің оқу-тәрбие үдерісіндегі үздік жетістіктері паш етілді.
Жиынның пленарлық бөлімінде облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы міндеттерді саралап, өткен жылдың қорытындысы бойынша еңбегі сіңген белсенді жетекшілерді марапаттап, ризашылығын білдірді.
Форум барысында Қаратөбе ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейбіт Сағынғалиев ардагер ұстаздардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев пен Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімі Самал Есқожина заманауи білім беру мен ұлттық педагогиканың алтын арқауын сабақтастыра отырып, мағыналы ой қозғады.
Форумның ең әсерлі тұсы — аудан әкімдігі, білім саласы, туризм мен мәдениет бөлімі мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен сындарлы ынтымақтастығы болды. Мұнда ұстаздар мен оқушылардың терең білім нәтижесі, ардагерлер мен жас мамандар арасындағы шынайы сабақтастық анық сезілді.
Әсіресе, заманауи талаптарға сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту және онымен жұмыс жасау туралы тапсырмасының аудан мектептерінде іс жүзінде шығармашылықпен орындалып жатқан тиімді тәсілдері қонақтарды тәнті етіп, көңілді қуантты.
Шара соңында қатысушылар Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Шөптікөл ЖОББМ-де болып, мектептердегі инновация мен дәстүр тоғысқан заманауи оқыту үдерісімен, цифрлық даму бағытымен жақыннан танысты. Сапар барысында толқыған ардагер ұстаздар қауымы мектеп ұжымдарының шығармашылық жұмысына табыс тілеп, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған мектеп бітіруші түлектерге өздерінің ыстық ықыласы мен ақ батасын берді.
Осынау тағылымды шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған Қаратөбе ауданының әкімдігіне, аудандық мекемелер мен ұйымдарға, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің жұмысына әрқашан қолдау көрсетіп, игі істердің ілгерілеуіне демеу болып жүрген облыстық білім басқармасының ұжымына облыстық ардагерлер кеңесі атынан шексіз алғысымыз бен шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
“Батыс Қазақтан облыстық білім саласы ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігі кеңесінің мүшесі Алтын Кадыргалиева
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/1227445?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау