Термалды су: пайдасы мен сақтық шаралары | Шонжыдағы демалыс кезінде нені білу керек?
Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылы маңында орналасқан термалды минералды су көздері өңірдегі ең танымал сауықтыру және демалыс орындарының бірі болып саналады. Табиғи ыстық суымен ерекшеленетін бұл аймаққа жыл сайын мыңдаған демалушы келеді.
Мамандардың айтуынша, термалды минералды сулар ағзаға оң әсер етіп, қан айналымын жақсартады, бұлшық ет пен буындардың босаңсуына ықпал етеді, сондай-ақ жүйке жүйесін тыныштандыруға көмектеседі. Дегенмен, мұндай суға түсу кезінде денсаулық жағдайын ескеру өте маңызды.
Дәрігерлердің пікірінше, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, артериялық қысымы жоғары азаматтарға, созылмалы аурулары асқынған науқастарға, жүкті әйелдерге және егде жастағы адамдарға термалды суға түсер алдында міндетті түрде дәрігер кеңесіне жүгіну қажет.
Сақтық шаралары:
— ыстық суға алғаш түскенде 10–15 минуттан артық отырмау;
— ағзаның сусыздануын болдырмау үшін жеткілікті су ішу;
— алкогольдік ішімдіктерден бас тарту;
— өз денсаулық жағдайын алдын ала бағалау және қажет болса дәрігермен кеңесу.
Алматы облысының Денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындар мен туристерді қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
«Термалды минералды су көздері — табиғи емдік орта. Бірақ оның әсері әр адамның денсаулық жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан сақтық пен жауапкершілік қажет», — дейді мамандар.
Шонжыдағы термалды су көздері — демалыс пен денсаулықты ұштастыратын ерекше орын. Алайда оның пайдасын толық көру үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау басты шарт болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1227730?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау