Тактикалық медицинадан ҰҰА-на дейін: өңірлерде алғашқы әскери дайындық оқытушыларына арналған жиындар өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында алғашқы әскери дайындық оқытушыларына арналған оқу-әдістемелік жиындар өтті. Іс-шаралар Оқу-ағарту министрлігімен және өңірлік білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Жиындарға жүзге жуық алғашқы әскери дайындық оқытушысы қатысты. Негізгі назар әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи талаптары мен қазіргі қарулы қақтығыстар сипатының өзгеруін ескере отырып, әскерге дейінгі жастарды даярлау мазмұнын жаңартуға аударылды.

Педагогтерге 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін заңнамадағы жаңартылған нормалар таныстырылды. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, заңнамаға «әскерге дейінгі даярлық» ұғымы енгізіліп, АӘД оқытушыларына әскери қызмет өтілінің болуы жөнінде жаңа талап қойылған.

Оның сөзінше, сабақтар жаңартылған оқулықтар бойынша заманауи симуляторларды пайдалана отырып өткізілетін болады. Оқу бағдарламасына ұшқышсыз ұшу жүйелері, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану негіздері, оқ-дәрілер, медициналық және психологиялық даярлық енгізілген.

Жиынға қатысушылармен практикалық сабақтарды қызметтік тәжірибесі мол және заманауи әскери-технологиялық білімді жетік меңгерген Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері өткізді.

Жиын бағдарламасы өзекті қауіп-қатерлер мен жастарды даярлаудың заманауи тәсілдерін ескере отырып жасалды. Оқытушыларға қазіргі қарулы қақтығыстарды жүргізу ерекшеліктері, тактикалық және атыс даярлығы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл тәсілдері, жергілікті жерде бағдарлау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, сондай-ақ тактикалық медицина элементтері таныстырылды.

Ұйымдастырушылар жастардың бойында жоғары азаматтық жауапкершілік, патриотизм және Отанды қорғауға дайындық қасиеттерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қорғаныс министрлігінде болашақ әскерге шақырылушыларды сапалы даярлау мемлекет, білім беру ұйымдары мен азаматтық қоғамның тығыз өзара іс-қимылы арқылы ғана мүмкін екені атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227361?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version