Бүгін еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, түлектердің мектеппен қоштасуы ұйымдастырылуда. Түркістан облысында да бұл күн «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы №28 мектебінде өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Шара барысында ол білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге ақжолтай тілегін жеткізді.
– Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Білім алып, ғылым жолында ізденіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін, – деген Ертай Кенжебекұлы үздік түлектер мен дарынды оқушыларға білім берген озат ұстаздарға құрмет көрсетті.
Аталған білім ордасында 2025-2026 оқу жылын 1761 оқуші аяқтап отыр. Мұндағы балалардың барлығы да талантты, дарынды, білімді. Қазіргі таңда мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. Мұнда 200-ге жуық педагог еңбек етеді. Биыл 11-сыныпты 65 түлек тәмемдаса, олардың ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік атестатқа» үміткер.
Салтанатты шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы түлектерге ақ жол тілеп, болашақ өмірге басқан қадамдары сәтті болуына тілек айтты.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның ішінде 2 416-сы «Алтын белгіге» үміткер болса, 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім білдірген.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау