«Тұлпар мініп, ту алған» облыстық жобасының жеңімпаздары анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тобыл–Торғай өңірінде қыркүйек айында басталып, сәуір айына дейін жалғасқан «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық жобасы өз мәресіне жетті. Жоба аясында жас ұрпақтың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жыр-дастандарды жатқа айту мәдениетін дамыту мақсат етілді.
Ауқымды жобаға облыс бойынша 9 094 оқушы қатысуға өтінім білдірді. Байқау мектепішілік, аудандық және қалалық кезеңдер арқылы бірнеше сатылы іріктеуден өтті. Нәтижесінде финалдық кезеңге 44 үздік оқушы жолдама алды.
Шешуші айналым таңертеңнен кешке дейін жалғасып, әр аудан мен қаланың үздік оқушылары өзара сынға түсті. Қазылар алқасы қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігімен қатар, мазмұнды терең түсінуі мен сахналық мәдениетіне ерекше назар аударды. Тәулік бойы жұмыс істеген қазылар құрамы да арнайы марапатталды.
Жобаның бас жүлдесі Рудный қаласының 9-сынып оқушысы Ұлдана Жүрсінбаеваға бұйырды. Ол «Алпамыс батыр» жырының 98 бетін толық жатқа айтып, барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсетті. Бас жүлде иегеріне Түркия Республикасының Стамбұл қаласындағы төрт апталық жазғы мектепке жолдама табысталды. Оның тәлімгері, А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Смағұлова су жаңа автокөліктің иегері атанды.
ІІІ орын иегерлері ретінде Рудный қаласының оқушысы Әдемі Елебек пен Жангелдин ауданының өкілі Бақытбек Көшімбек марапатталды.
ІІ орын Қостанай қаласының оқушысы Айдос Марат пен Қарабалық ауданынан қатысқан Даяна Мейірхановаға берілді.
І орын Қарабалық ауданының оқушысы Томирис Ариповаға табысталды.
«Тұлпар мініп, ту алған» жобасы өңір жастарының ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттырып, дарынды оқушыларды анықтауға мүмкіндік берген маңызды мәдени-танымдық бастама ретінде бағаланды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1227583?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version