Жетісу полициясының кадр қызметі: саптың сыртында тұрған жандардың бір күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Полициядағы қызмет тек форма киіп, ант қабылдаудан басталмайды. Бұл жол ең алдымен иығына погон тағуға және мемлекеттің атынан қызмет етуге лайық азаматтарды іріктеуден басталады. Болашақ полиция қызметкерлерін алғаш қарсы алып, олардың осы жауапкершілікке дайын екенін анықтайтын — кадр қызметі.

Жетісу облысы полиция департаментінің Жеке құраммен жұмыс басқармасында бұл жұмыс күн сайын және қателесуге жол берілмейтін жауапкершілікпен атқарылады. Осы саланың мамандарының бірі — полиция капитаны Көпенов Сабыржан Бақытжанұлы. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2021 жылы бастап, осы уақыт аралығында бүгінде өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген ондаған қызметкерді жұмысқа қабылдаған.

Жұмыс күні таңғы саптық жиыннан және басшылық тапсырмаларын алудан басталады. Одан кейін қызметкерлердің жеке істерімен жұмыс жүргізіледі: арнайы атақтар беру, марапаттау, кадрлық тағайындаулар, тәртіптік мәселелер мен қызметтік өсуді қарастыру. Әрбір құжаттың артында — адам тағдыры мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік тұр.

— Кадр іріктеу — өте жауапты жұмыс. Сен мемлекеттік құрылым қатарына мұқият тексеруден өткен азаматты қабылдайсың. Қызметке кімнің алынатыны полицияның беделі мен халық сеніміне тікелей әсер етеді. Себебі көп жағдайда бүкіл жүйе туралы пікір бір қызметкердің іс-әрекетіне қарап қалыптасады, — дейді ЖҚЖБ аға инспекторы Сабыржан Бақытжанұлы.

Кадр қызметкерлері ауқымды жұмыс атқарғанымен, көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалады. Олардың еңбегі сиренамен немесе атышулы ұстаулармен қатар жүрмейді. Алайда дәл осы мамандар полиция жүйесінің берік негізін қалыптастырады. Кейде жұмыс күні түн ортасынан асып аяқталады — соңғы құжаттарға қол қойылып, ертеңгі күннің міндеттері дайын тұрған сәтте.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1227871?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version