Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматының барлық медициналық ұйымында балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын насихаттауға және аурудың алдын алуға бағытталған Ашық есік күндері өтеді. Бұл туралы Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Кішкентай пациенттер мен олардың ата-анасы үшін бейінді мамандар: педиатр, стоматолог, травматолог, инфекционист, невропатолог, ЛОР-дәрігер, акушер-гинеколог және басқа да дәрігерлерге тегін консультация ұйымдастырылады. Іс-шараға штаттан тыс бас мамандар, жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысады.
Сондай-ақ қаланың медициналық ұйымдарында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру науқандары, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған диалог алаңдары, сурет байқаулары және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтеді. Бастамаға СӨС орталықтары мен жастар денсаулық орталықтары қосылады.
Мүгедек балаларға және диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше назар аударылады. Олар үшін консультациялық көмекпен барынша қамту, сондай-ақ ерекше қажеттігі бар балалар үшін үйде тексеру жүргізу ұйымдастырылады.
Іс-шаралардың басты мақсаты – балалар мен жастардың физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру.
Тұрғындар Ашық есік күндерінің толық бағдарламасы туралы Алматы медициналық ұйымдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінен, сондай-ақ өзінің емдеуші дәрігерлерінен біле алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1228573?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау