АУДАН ӘКІМІ ҚАРҒАЛЫ АУЫЛ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының халықпен кездесуі Қарғалы ауыл округінде жалғасын тауып, кездесуде аудан басшысы 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру салаларында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды.
2025 жылы ауыл округінде әлеуметтік қолдау шаралары аясында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға 4 млн 480 мың теңге қаржы төленіп, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тұрақты түрде демеушілік көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, бірнеше отбасының тұрғын үйлеріне газ кіргізіліп, газосигнализаторлар орнатылған.
Білім саласында «Отырар» жалпы орта мектебінің 33 түлегі мемлекеттік грант иегері атанса, «С.Ерубаев» мектебінің 8 оқушысы грантқа түскен. Оқушылар республикалық байқауларда жүлделі орындар иеленіп, мұғалімдер облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті.
Ауыл шаруашылығы саласында 4780 гектар жерге егіс егілді. Сонымен қатар, Д.Алтынбеков каналының 10,7 шақырымын бетонмен қаптау жұмыстары басталып, бұл жоба аяқталған жағдайда ауылдағы ағын су мәселесін шешуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Мал шаруашылығында да өсім байқалып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 11 отбасы жеңілдетілген несие алып, ауылға 116 бас ірі қара әкелінген.
Инфрақұрылым бағытында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы Т.Ибрагимов көшесі мен Қарғалы ауылындағы Қ.Қожахметов көшесі жарықтандырылып, Қарғалы ауылынан балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Т.Ибрагимовтің туған жері Отырар ауылынан жаңа саябақ салынып, батырдың бюсті орнатылды. Былтыр жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілсе, Қарғалы ауылында тұрғындардың сұранысына сәйкес «Актив» байланыс стансасы іске қосылды.
Кездесуде аудан әкімі алдағы уақытта ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан басшысы көтерілген мәселелер назарға алынып, заң аясында шешілетінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1228070?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version