Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2025-2026 оқу жылының аяқталуы және каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.
Облысымызда мектеп оқушыларының саны артуда. Мысалы 2022 жылы 111 мың бала оқыса, биыл 113 мыңнан астам оқушы білім алды.Оқушылар саны артқан сайын, түлектердің саны да өсуде. Биыл 11-нші сыныпты 5 213 оқушы аяқтайды, бұл 2022 жылға қарағанда шамамен 900 оқушыға артық.
«Алтын белгіге» 231 түлек, ал үздік аттестат алуға 302 оқушы үміткер. 4 мыңнан астам оқушы Ұлттық тестті тапсыруды жоспарлап отыр, бұл өткен жылға қарағанда 10%-ке көп. Отандық жоғарғы оқу орындарында білім алғысы келетіндер санының өсіп жатқаны байқалады. Төрт жыл бұрын оқушылардың 52%-і елімізде білім алса, 2025 жылы – 63% (2022 ж. – 2263 бала, 2025 ж. – 2993 бала). Жыл сайын мемлекеттік грант саны көбеюде. 2022 жылы 1 131 бала грантпен түссе, 2025 жылы 1 485 түлек грант ұтып алды, өсім 31,3%.
«Мемлекет Басшысы «Білім мен ғылым – әлемді өзгертуге қабілетті қозғаушы күш», – деп атап өткен болатын.Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айналуда. Елімізде шетелдің үздік университеттердің 30-дан астам филиалы ашылды. Түлектерде елімізден кетпей, шетелдік білім алуға мүмкіндік бар. Әр жетістіктің артында оқушы мен ұстаздың еңбегі жатыр. Сондықтан біз балалардың еңбегін бағалап қана қоймай, оларға қолдау көрсетуіміз қажет.», – деді аймақ басшысы.
Биыл облысымыздың қоржынында 86 медаль бар, оның ішінде 17 халықаралық және 69 республикалық олимпиада медалі. Халықаралық олимпиадаларда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты 8 медальмен көш бастады. «Озат» лицейі мен Жітіқара ауданының Абай атындағы мектеп-лицейі бір-бір медальдан иеленді. Халықаралық жобалар конкурстарында Ы. Алтынсарин атындағы гимназия, Қостанай қаласындағы «Озат» лицейі және Рудный қаласындағы №10 гимназия жүлделі орындарға ие болды.
«Мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге ерекше назар аудару қажет. Олар мектеп форматына сай ұйымдастырылуы тиіс.
Түлектер кеші балалардың жадында жылы әрі есте қаларлық оқиға болып қалуы керек, артық шығындар мен қауіп-қатерге себеп болмауы тиіс. Ең бастысы, бітіру іс-шаралары балалар үшін ұйымдасқан, мәдениетті және ең маңыздысы — қауіпсіз түрде өтуі қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1228700?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау