Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз сөзінде ол ТЖМ мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, балалар лагерьлерінде, су айдындарында және бұқаралық демалыс орындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық және ұйымдастырушылық шараларды іске асырып жатқанын атап өтті.
Қазақстанның ТЖМ мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар кешенін іске асыруда.
Ең алдымен балаларға арналған лагерьлер мен жазғы демалыс орындары тексеріліп, комиссиялық зерделеуден өтеді. Бақылау жоспарланған 50 объектінің 18-іне өрт қауіпсіздігі саласындағы тексеріс жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының 308 бұзушылығы анықталды. Әкімдіктермен бірлесіп, 32 комиссиялық тексеру өткізілді.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, хабарлау және эвакуациялау жүйелерінің жарамды болуын, сондай-ақ персоналдың төтенше жағдайларда әрекет ете білу дайындығын қамтамасыз етуге назар аударылады.
Тексеріс жүргізу барысында нұсқаулықтар мен практикалық жаттығулар өткізіледі. 130 жаттығу өткізіліп, 42 мың жұмыскерге нұсқаулық жүргізілді.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы лагерьлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Суға батқан азаматтарды құтқаруға жедел ден қою үшін құтқару бөлімшелерін салу мен оларды жабдықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Екі жылдың ішінде Шалқар, Имантау, Бурабай, Үлкен Шабақты, Пестрое, Алакөл көлдеріндегі, Есіл өзеніндегі су қоймаларында 8 құтқару станциясы салынды. Келесі жылы Жезқазған, Қонаев, Семей, Қосшы қалаларында, Шортанды көлінің жағасында тағы 5 станция салынады.
Құтқарушыларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кезең кезеңмен жақсарып келеді. Заманауи жүрдек ка́терлер мен техникалар сатып алынуда (36 бірлік сатып алынды).
Жыл сайын әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзуге және алғашқы көмек көрсетуге үйретудеміз. Еліміз бойынша 8 001 бала жүзу дағдысын, 17 952 бала көмек көрсете білуді меңгерді.
Суға шомылу маусымында бала өлімі жиі орын алады, оның негізгі себебі – балаларды қараусыз қалдыру. Көбінесе бала өлімінің фактілері каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінде тіркеледі.
Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдарға ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейту қажет.
Бүгінгі таңда мобильді бекеттер қойылып, демалыс орындарын патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылды, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, балалардың қауіпті жерлерде ата-анасыз жүруін анықтау және оны болдырмау шаралары қабылдануда.
Сонымен қатар әкімдіктерге рұқсат етілген суға шомылу орындарын құруды жалғастыру қажет.
Халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Тұрмыста, суда, табиғи ортада және төтенше жағдайлар кезінде өзін қауіпсіз ұстау ережелерін білім беру ұйымдары, цифрлық алаңдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жеткізу жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Министрліктің барлық күштері мен құралдары халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға дайын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1228277?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау