Маңғыстау облысында «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қауіпсіздігінің кішкентай үлгілері анықталды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жолда жүру ережелерін жауапкершілікпен сақтайтын, тәртіптілігі мен сақтығы өзгелерге өнеге болған бүлдіршіндерді алғыс хаттармен марапаттады.
Акция барысында полицейлер мектептер мен балабақшаларда, көше қиылыстарында және жаяу жүргіншілер өткелдерінде рейдтер өткізді. Жол ережесін мүлтіксіз сақтайтын, бағдаршамның жасыл түсіне ғана өтетін, ата-анасының қолын мықтап ұстап, жолда абай болған балалар ерекше назарға ілікті.
Біздің мақсатымыз — жазалау емес, ынталандыру. Бала кезден қалыптасқан қауіпсіздік мәдениеті — болашақтағы апатсыз жолдың кепілі. Осындай тәртіпті бүлдіршіндер — баршаға үлгі, — деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасының өкілі.
Алғыс хат алған балалар тек марапатталып қана қоймай, полиция қызметкерлерінен жарық шағылыстырғыш білезіктер мен тәтті сыйлықтарға ие болды. Ата-аналарына бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі үшін алғыс білдірілді.
«Назар аударыңыз, балалар!» акциясы жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Акция аясында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында да түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Жолдағы қауіпсіздік бала кезден басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1228145?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау