«Орындық астындағы Wi-Fi»: ШҚО-дағы қатаң режимдегі колонияда SIM-картасы бар роутерді алып өтпек болған әрекет тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысындағы максималды қауіпсіздік мекемесінде қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері колония аумағына тыйым салынған құрылғыларды алып өту әрекетінің жолын кесті.
Мекеме аумағындағы дүкенге азық-түлік жеткізу үшін жеке кәсіпкерге тиесілі автокөлік тексерілген кезде, қызметкерлер көлік орындығының астынан жасырылған Wi-Fi роутерін, қуаттау құрылғысын және SIM-картаны анықтады.
Тыйым салынған заттар бірден тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, аталған құрылғылар мекеме аумағында заңсыз байланыс ұйымдастыру және интернетке қол жеткізу мақсатында пайдаланылуы мүмкін болған.
— Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге бағытталған кез келген әрекет ерекше бақылауда болады. Қызметкерлер күн сайын көліктер мен сәлем-сауқаттарға мұқият тексеру жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде мұндай фактілер дер кезінде анықталып, жолы кесілуде, — деп түсіндірді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Аталған факті бойынша тексеру тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен қатысы бар тұлғалар анықталуда.
ШҚО бойынша ҚАЖ Департаменті баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-vko/press/news/details/1229027?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау