Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Мемлекеттік басқару академиясында Президенттік жастар кадр резервінің мүшелеріне арналған біліктілікті арттыру курсы өтіп жатыр.
Оқыту бағдарламасы Мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат тиімділігін күшейту, басқару жүйесіне заманауи технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.
18 мамыр мен 5 маусым аралығын қамтитын 120 академиялық сағаттық курс мемлекеттік қызметтегі заманауи коммуникация тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар көпшілік алдында сенімді сөйлеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс істеу және қоғаммен байланыс орнату дағдыларын меңгеруде. Сонымен қатар оқу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін мемлекеттік басқару саласында пайдалану, процестерді автоматтандыру және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне басымдық берілген.
Резерв мүшелеріне арналған тренингтерге Сингапур мен Венгриядан келген халықаралық сарапшылар, отандық мамандар және БАҚ өкілдері қатысып, тәжірибелік шеберлік сабақтарын өткізуде.
Президенттік жастар кадр резерві жобасы аясында 2019 жылдан бері 4 іріктеу кезеңі ұйымдастырылып, нәтижесінде 450 жас резерв құрамына қабылданды. Қазіргі таңда олардың 77 пайызы мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқарып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1228835?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау