Қаражал қалалық мәслихатының кезекті XLV сессиясы өтті
Қаражал қалалық мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті XLV (45) сессиясы өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелер қаралды. Сессияны қалалық мәслихат төрағасы Зәмзәгүл Қажымұқанқызы Оспанова жүргізді.
Сессия жұмысына қала әкімінің міндетін атқарушы, әкім орынбасарлары, кент әкімдері, сондай-ақ онлайн форматта Ұлытау облысы бойынша Тексеру комиссиясының өкілі, қоғамдық кеңес мүшелері мен мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіне келесі мәселелер енгізілді:
– 2025 жылғы қала бюджетінің орындалуы туралы есепті бекіту;
– Жәйрем және Шалғы кенттері бюджеттерінің орындалуы туралы есептер;
– Қаражал–Жәйрем өңірінің денсаулық сақтау саласының жай-күйі және ана мен бала денсаулығы;
– Аймақтағы білім беру мекемелерінің жай-күйі мен білім сапасы;
– тағы басқа мәселелер.
Сессия барысында Ұлытау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі 2025 жылғы қала бюджетінің атқарылуы жөніндегі қорытынды есепті ұсынды. Баяндамада бюджет кірістерінің орындалуы мен негізгі көрсеткіштердің оң серпіні атап өтілді. Сонымен қатар алдағы кезеңде бюджеттік жоспарлау сапасын жетілдіру және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі көрсетілді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – Қаражал–Жәйрем өңірінің денсаулық сақтау саласы болды. Депутаттар ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық қызмет сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жұмыстарды талқылады. Жалпы саладағы жағдай тұрақты деп бағаланды.
Сонымен қатар білім беру саласына қатысты мәселе қаралып, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттары талқыланды. Баяндамаларда білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіру, оқыту сапасын арттыру және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Депутаттар тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, материалдық базаны кезең-кезеңімен нығайту және педагог кадрларды қолдау мәселелеріне назар аудару ұсынылды.Сессия қорытындысы бойынша қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олардың орындалуын бақылау тұрақты комиссияларға жүктелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karazhal/press/news/details/1228713?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау