Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен (ТОҚ) өтеусіз уақытша пайдалану және қайтару шарттарымен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба басталады. Жобаның негізгі мақсаты — ТОҚ-пен қамтамасыз ету жүйесінің қолжетімділігін арттыру, көмек көрсету мерзімін қысқарту және ресурстарды тиімді пайдалану.
Қазіргі таңда кейбір техникалық оңалту құралдары ауыстырылғаннан кейін, пайдаланушының қажеттілігі өзгергенде немесе өзге де өмірлік жағдайларға байланысты техникалық тұрғыдан әрі қарай пайдалануға жарамды күйде қалады. Алайда бұған дейін оларды қайтару, тексеру, қалпына келтіру және қайта беру тетігі толыққанды қарастырылмаған еді. Жаңа пилоттық жоба осы мәселені шешуге бағытталған.
Жоба аясында ТОҚ прокат пункттері құрылады. Бұл тек құралдарды беру орны ғана емес, толыққанды сүйемелдеу жүйесі болады. Мұнда ТОҚ қабылдау және беру, техникалық бағалау, санитарлық өңдеу, жөндеу, бейімдеу және пайдаланушыларға кеңес беру жұмыстары жүргізіледі.
Резервтік қор негізінен қайтарылған техникалық оңалту құралдары есебінен қалыптастырылады. Олар арнайы сараптамадан өтіп, қауіпсіз әрі әрі қарай пайдалануға жарамды деп танылған жағдайда ғана қайта қолданысқа жіберіледі. Қайта пайдалануға тек сапалы қалпына келтіруге, дезинфекциялауға және жаңа пайдаланушыға бейімдеуге болатын құралдар ғана жіберіледі. Ал санитарлық немесе техникалық талаптарға сәйкес келмейтін жеке пайдалануға арналған құралдар қайта берілмейді.
Жоба аясында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. Қайтарылған әрбір ТОҚ әлеуметтік-техникалық сараптамадан (ӘТС) өтеді. Сараптама барысында мамандар құралдың техникалық жағдайын, тозу деңгейін, пайдалану қауіпсіздігін және жөндеуге жарамдылығын бағалайды. Осыдан кейін ғана құрал резервтік қорға енгізілуі мүмкін.
Пилоттық жоба уақытша ТОҚ-пен қамтамасыз ету механизмін де қарастырады. Егер негізгі құрал бұзылып қалса немесе жөндеуде болса, адам қажетті оңалту құралынсыз қалмас үшін оған уақытша балама беріледі.
Процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық есепке алу жүйесі енгізіледі. Әрбір ТОҚ-қа жеке есептік нөмір беріледі, ал беру, қайтару, жөндеу және есептен шығару кезеңдерінің барлығы электрондық жүйеде тіркеледі. Бұл жоғалу, мақсатсыз пайдалану және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Балалар мен қозғалыс мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше назар аудару жоспарланып отыр. ТОҚ бөлу кезінде өмірлік қажеттілік деңгейі, қозғалыс шектеулері және әлеуметтік осалдық ескеріледі.
Әлеуметтік-техникалық сараптаманы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жанындағы арнайы комиссия жүргізеді. Оның құрамына реабилитолог дәрігерлер, техникалық мамандар, әдіскерлер және басқа да бейінді сарапшылар кіреді.
Пилоттық жоба жаңа модельді тәжірибелік сынақтан өткізу кезеңі ретінде қарастырылады. Іске асыру барысында шағымдар, ұсыныстар және практикалық нәтижелер талданып, қажет болған жағдайда резервтік қордың, жөндеудің, бөлудің және ТОҚ-ты қайта пайдаланудың тетіктері жетілдірілуі мүмкін.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелер Франция мен Германия сияқты бірқатар елдерде табысты қолданылып келеді. Ол оңалту процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге және мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмектің сапасы мен қауіпсіздігін төмендетпей, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1228622?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау