Шымкентте түнгі уақытта көпқабатты тұрғын үйден шыққан қою түтін мен дабыл дабысы шұғыл қызметтерді жедел әрекетке жұмылдырды. Кешкі сағат 21:00 шамасында 16 қабатты «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің 8-қабатында шартты өрт орын алып, автоматты өрт дабылы іске қосылды. «101» пультіне хабарлама түскен сәттен бастап барлық қызметтер оқиға орнына шұғыл жөнелтілді. Бұл – төтенше жағдай кезінде түнгі уақыттағы іс-қимылды пысықтауға арналған өрт-тактикалық оқу-жаттығу болды.
Жаттығудың тактикалық тұрғысына сәйкес, тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде шартты өрт орын алды. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына қысқа мерзімде жетті. Түнгі уақыттағы шектеулі көріну, ғимараттың биіктігі мен түтіндену жағдайы барлау жүргізу, тұрғындарды эвакуациялау және өрт сөндіру жұмыстарын бір мезетте ұйымдастыруды талап етті.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, екі жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Электр қуаты ажыратылып, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары барлау жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялауға және құтқаруға кірісті. Сонымен қатар магистральдық желілер тартылып, су беру және шартты өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді.
Оқу-жаттығу барысында адамдарды биіктіктен құтқару тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Жоғарғы қабаттардан зардап шеккендерді құтқару 61 метрлік екі иінді автокөтергіш арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ 4-қабат биіктіктен секірмелі құтқару құрылғысын қолдану және арқан арқылы құтқару тәсілдері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Өрт гидрантына кедергі келтірген автокөлік арнайы гидравликалық арба көмегімен жылжытылып,үздіксіз су беру қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, биіктігі 31 метр болатын автокөтергіш арқылы 8-қабаттағы өртті сөндіру әрекеттері пысықталды.
Жаттығу кезінде құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері бірыңғай алгоритм бойынша үйлесімді әрекет етті. Шартты зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.
Жалпы оқу-жаттығуға Шымкент қаласы ТЖД-ның 74 қызметкері мен 17 бірлік техника , сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының мамандары, полиция, жедел жәрдем және газ қызметінің өкілдері қатысты.
Өткізілген оқу-жаттығу түнде орын алған биік ғимараттардағы өрттің күрделі әрі қауіпті болатынын тағы да бір көрсетті. Қою түтін, шектеулі көріну және тұрғындарды жедел эвакуациялау жағдайында шұғыл қызметтердің үйлесімді әрекеті мен жедел ден қою алгоритмдері тәжірибе жүзінде пысықталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1228387?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау