Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Томарлы ауылындағы 150 орындық Өнер мектебінің құрылысы аяқталды. Қазір нысанды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа ғимарат жақын уақытта ел игілігіне беріледі, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 1600 шаршы метр. Заманауи талапқа сай бой көтерген өнер мектебінде 110 орындық акт залы, фортепиано, домбыра, қобыз, оркестр және вокал сыныптары бар. Сонымен қатар мұнда би және ән кабинеттері, кітапхана, асхана, мұғалімдер бөлмесі мен ата-аналарға арналған күту залы қарастырылған.
Жаңа нысан ауыл балаларының шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Мұнда оқушыларға ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеп, түрлі музыкалық аспаптарды меңгеруге мүмкіндік бар.
– Нысанның құрылысы былтыр мамыр айында басталып, биыл уақытылы аяқталды. Құрылыс обьектісіне 120-ға жуық жұмысшы мен 6 техника жұмылдырылды. Жауапты мердігер мекеме – «ЕламанОйл» ЖШС, – деді жоба жетекшісі Айболат Құспанов.
Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде мәдениет және білім саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдық елді мекендердегі балалардың сапалы білім мен қосымша шығармашылық мүмкіндіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1228728?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау