Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, түрлі бағдарлама дайындалған: мектептер жанындағы демалыс орталықтарында 3 млн-ға жуық бала уақыт өткізеді, тағы 168 мың оқушы маусымдық орталықтарда, ал 44 мыңнан астамын – жыл бойғы орталықтар қабылдайды. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінді: аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала демалыспен қамтылады. Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады. Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нысандарға полиция инспекторлары тағайындалды, ал қызметкерлердің соттылығы тексерілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада демалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Жылдың соңына дейін 3 800 орындық 10 объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі», – деп атап өтті министр Үкімет отырысында.
Жаңа қосымша білім беру ұйымдары робототехника кабинеттері, IT зертханалары, ойын алаңдары және балалардың бос уақытын тиімді қамтамасыз етуге арналған басқа да заманауи құралдармен жабдықталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-belozer/press/news/details/1228636?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау