Айдарбек Сапаров Ақмола облысында егіс науқаны барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақмола облысына жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесті. Сондай-ақ сүтті мал шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына назар аударды.

Сапар аясындағы алғашқы нысан Зеренді ауданындағы «Namys Group» компаниясының егістік алқаптары болды. Мұнда егіс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы егіс көлемі 15 мың гектардан асады. Оның ішінде 5 мың гектарға бидай, 4 мың гектарға зығыр, 3 мың гектарға жасымық егіледі.

Жалпы, облыс бойынша биыл егіске жоспарланған 5,5 млн гектар жердің бүгінде 2 млн гектардан астамы себілді. Астық және дәнді-бұршақты дақылдар 4,6 млн, майлы дақылдар 534 мың, мал азықтық дақылдар 353 мың гектар жерді, қалғанын басқа дақылдар қамтиды.

«Namys Group» алқаптарында министр ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Аграрлық сала өкілдері мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

«Мемлекет тарапынан егіс науқанын сапалы әрі уақытылы өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Ұсынылған қолдау құралдарын барынша тиімді пайдалану, агротехнология талаптарын сақтау және егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын күшейту маңызды.

Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Өткен жылы диқандар 7,5 млн тонна астық жинап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жүйелі жұмыстың, аграршылардың кәсібилігінің және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нәтижесі.

Қолайлы ауа райы жағдайында және егіс науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылса, биыл бұдан да мол өнім алуға толық мүмкіндік бар», — деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, 2026 жылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру үшін 750 млрд теңге қарастырылған.

Бүгінде көктемгі дала және егін жинау бағдарламасы аясында жалпы сомасы 626,3 млрд теңгеге 5 102 өтінім келіп түсті. Қазіргі таңда 4,7 мыңнан астам аграршыларға 566,4 млрд теңге көлемінде қаржы беріліп, 6,7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды.

Ақмола облысы бойынша 616 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 90,8 млрд теңгеге өтінім түсті. Оның ішінде 591 фермер 83 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.

«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 2026 жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен жалпы сомасы 30,2 млрд теңгеге 166 өтінім қабылданды. Нәтижесінде 21,1 млрд теңгеге 313 дана ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 141 келісімшарт жасалды.

Сапар барысында министрге жылына 120 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы «Unicorn Feed limited» жаңа құрама жем зауыты таныстырылды.

Жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ішкі нарықпен қатар, Ресейге басқа да жақын шетел нарықтарына экспорттауды жоспарлап отыр.

Бұдан әрі министр өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген, 400 бас ірі қара малға арналған «AGRO MILK PROJECT» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Жоба ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтуға бағытталған.

Жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрады. Қаржының бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында несие қаражаты ретінде тартылған.

Аталған жоба сүт өндірісін ұлғайтуға, өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және облыстағы сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамытуға арналған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1229136?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version