ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ҚАРАСПАН АУЫЛ ОКРУГІНДЕ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

✔️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Қараспан ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.
✔️Кездесу барысында ауыл округіндегі инфрақұрылым, табиғи газ, ауызсу, көше жарығы, аяқ жол, абаттандыру және әлеуметтік нысандарға қатысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.
✔️Жиында аудан әкімі алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ауыл округіне қарасты елді мекендердің басым бөлігі табиғи газбен қамтылған. Қазіргі таңда тек Ақпан ауылында газ тарту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде Қараспан ауыл округі толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
✔️Сонымен қатар Қараспан магистралды каналының бетондау мәселесі де кезең-кезеңімен қарастырылып жатқаны айтылды.
Аудан басшысы Қараспан ауылының Арыс өзеніне жақын орналасуына байланысты бүгінгі таңда су тапшылығы сезілмейтінін жеткізді. Дегенмен, алдағы уақытта су ресурстарын тиімді пайдалану басты міндеттердің бірі болатынын атап өтті.
— Су — тіршіліктің көзі. Сондықтан ағын суды үнемдеп пайдалану — уақыт талабы. Бүгінде мемлекет тарапынан тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізген шаруаларға қолдау көрсетіліп, шығындардың 80 пайызға дейінгі бөлігі субсидиялануда. Бұл — шаруаларға жасалып отырған үлкен қолдау, — деді аудан әкімі.
✔️Кездесу барысында Берген ауылындағы көпір құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілгені айтылды. Ал Көлтоған елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және көше жарығын орнату жұмыстары биыл жүзеге асырылмақ.
✔️Сондай-ақ, тозығы жеткен электр кабель желілерін ауыстыруға қаржы қаралып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Жалпы, округтегі өзекті мәселелердің басым бөлігі кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқаны айтылды.
✔️Жиын барысында тұрғындар Қараспан ауылындағы С.Сейфуллин көшесін жарықтандыру, Ақпан ауылына трансформатор орнату, Ақпан — Арыс бағыты бойынша қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру, мәдениет үйін жөндеу, Сарыарық елді мекеніндегі арықтарға лоток орнату, су беру уақытын реттеу, Мақташы ауылындағы мектеп жолындағы аяқ жол құрылысын аяқтау және балалар ойын алаңшасын салу мәселелерін көтерді.
✔️Аудан әкімі аталған ұсыныстар мен өтініштердің барлығы назарға алынатынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелетінін жеткізді.
✔️Сонымен қатар Ақпан — Арыс бағыты бойынша қоғамдық көлік қатынасына қатысты мәселені әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде аудандық мәслихатқа ұсыну қажеттігі айтылып, тиісті мекемелерге хат жолданатыны мәлімделді. Ал Мақташы ауылына балалар ойын алаңшасын салу мәселесі алдағы жоспарларға енгізілетін болды.
✔️Кездесу соңында аудан әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, туған жердің тазалығы мен көркеюі — баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
— «Тазалық — табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауылдың ажары — оның тазалығы мен тұрғындарының мәдениетінде. Сондықтан туған жерімізді таза ұстап, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысу — әрбір азаматтың парызы, — деді аудан басшысы.
✔️Есепті кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызмет

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1229065?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version