Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру тәртібі туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру дегеніміз – малды сырғалау, таңбалау  немесе чиптеу арқылы жеке нөмiр беріп, жануардың және оның иесі туралы мәлiметтердi  арнайы электрондық дерекқорға енгiзіп  есепке алу рәсiмi.

Бірдейлендіру жүргізу тәртібі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларында» белгіленген. Аталған Қағида талабына сай Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендірілуі тиісті. Заң талабы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының барлық төлдері  – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі, тек құлындарға  таңба басылатын жағдайда – төрт айлық  жасынан бастап бірдейлендіруге жатады.

«Ветеринария туралы» Заңының 25-бабының талабына сәйкес мал өсіруші жеке және заңды тұлғалар өз меншігіндегі  ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге міндетті. Ол үшін жеке тұлғалар жергілікті ветеринариялық пунктке алынған мал төлдері туралы хабарлайды, ал шаруа қожалықтары басшылары  әр жыл басында алдағы төлдеу (бұзаулау,құлындау, т.б.) кестесін ұсынуы тиіс. Жергілікті ветеринариялық мамандар мал иелерінің хабарламасы мен төлдеу кестелерінің  негізінде өздері қызмет көрсететін аумақта мал басын бірдейлендіру жүргізеді.

Жыл сайын ветеринария басқармасымен облыстық жоспар жасақталып, жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру шаралары ұйымдастырылып отыр. Ағымдағы жылдың 5 айлық жоспарына сай қазіргі таңда 190 111 бас МІҚ, 167 483 бас ҰМҚ,  5 бас түйе, 4 644 бас шошқа және 17 585 бас жылқы  бірдейлендіріліп, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына енгізілді (Анықтама үшін: түйе және жылқы малдарын бірдейлендіру сәуір-желтоқсан айларына жоспарланған).

Сонымен қатар, мал иелеріне «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, жайылымын ұйымдастыру туралы» 7 815 жадынамалар таратылып,  жыл басынан бастап 6 384  бас МІҚ және 2 377 бас ҰМҚ малының құлақтарынан түсіп қалған сырғалары ауыстырылды (2025 жылы 11,4 мың бас МІҚ және 14,2 мың бас ҰМҚ сырғалары ауыстырылды). 

Өз меншігіндегі ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіріп, тіркеуге қоймағаны үшін мал иелеріне  әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес жануарларды асырау, өсiру және пайдалану кезінде ветеринариялық қағидаларды, талаптарды сақтамау түрінде жасалған бұзушылық айыппұл салуға әкеп соғады.

Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті сәйкестендіру талаптары Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы 32-бабына сәйкес бекітілген.Заңның 25-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жануарлар ауруларының алдын алу мақсатында ветеринариялық талаптарды, оның ішінде жануарларды уақтылы сәйкестендіруді қамтамасыз етуге міндетті.

Алайда, мал иелерінің ветеринарлық заңнама талаптары туралы жеткілікті хабардар болмауы, салықтық және басқа да міндеттемелерден жалтару мақсатында жануар санын әдейі жасыруы, жаңа туған төлдерді белгіленген мерзімде тіркетпеуі, жануарларды сатып алу-сату кезінде қайта тіркетуге және малдың сырғасы түсіп қалған жағдайда қайта сырғалату үшін ветеринарлық ұйымға жүгінбеуі, облыс ішіндегі барлық малдарды  «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына енгізуге кедергі келтіруде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-veterinaria/press/news/details/1229450?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version