Қараөзен мектеп-лицейінде дәстүрлі «Дарындылыққа дара жол» атты республикалық олимпиада, ғылыми жоба және шығармашылық байқаулар жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова, мектеп директорлары, ұстаздар, оқушылар қатысты.
Білім мен ғылым бәйгесінде аудан абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастарды ұлықтауға арналған кеште республикалық деңгейде топ жарған оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы білімді ұрпақ ел болашағының кепілі екенін атап өтті. Ол республикалық олимпиадалар мен байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген шәкірттердің жетістігі ұстаз еңбегі мен ата-ана қолдауының жемісі екенін жеткізді.
— Бүгінгі басқосудың басты себебі жас дарындарымыз. Сіздер тек шағын мектеп қана емес, ауданның мерейін асқақтаттыңыздар. Білім саласында үштік одақтың нақты көрсеткіші өздеріңізсіздер. Президент батамасымен ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда 4 мектеп пайдалануға берілді, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық база нығайтылды. Сонымен қатар оқушыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадаларда аудан мерейін асқақтатып келеді, — деді аудан әкімі.
Кеш барысында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада мен ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Матхат Рашидов қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадаларда ІІІ орын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Жетекшісі —Айнагүл Қарасаева. Осы мектептің тағы бір оқушысы Асанәлі Мұрадымов математика пәнінен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадада ІІ орын алды. Жетекшісі — Нұрбек Өтебалы.
Қараөзен мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аяулым Тілепберген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадада ІІ орын иеленсе, жетекшісі —Альбина Тасқалиева. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Талапова Дана Серікқызы республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І орын жеңіп алып, аудан намысын абыроймен қорғады. Жетекшісі — Ботагөз Сармалаева.
Сонымен қатар республикалық шығармашылық және зияткерлік байқауларда топ жарған оқушылар да арнайы марапатталды. Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Мақсат Хамзин «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІІ орын алса, Қараөзен мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Аят Шоқат осы олимпиададан ІІІ орын иегері атанды. Бірік жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Айзада Жолдыбай, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Қарақат Нұрболат, Казталов мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Жұмагелді Аяулым Жәдігерқызы да республикалық математикалық олимпиадада жүлделі орындар иеленді.
Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 8 сынып оқушысы Ақжүрек Темірханов «Табиғатты аяла» республикалық форумында ІІ орын алса, Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Наргиза Елеусінова республикалық «Ақберен» байқауында ІІ орынға ие болды. Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Талғатқызы Айсәуле XXVI республикалық «Абай оқулары» байқауында ІІ орын иеленіп, өнерімен көпшілікті тәнті етті.
Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Думанқызы Әмина республикалық «Әбіш оқуларында» ІІ орын иеленсе, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрдаулет Ғазизжан «Ақберен» байқауынан ІІІ орын және республикалық «Әбіш оқуларынан» І орын жеңіп алды.
Сондай-ақ республикалық ғылыми жобалар конкурсында үздік танылған жас зерттеушілер де марапат төрінен көрінді. Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 5 сынып оқушысы Айлана Нұрланқызы, Казталов мектеп-лицейінің оқушылары Мұхамедәли Мақсатұлы, Еңлік Аманжолқызы, Миралі Мирланұлы, Шынтемір Мұхтарұлы және Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Саят Жайықұлы республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Жиында жүлдегер оқушыларға ноутбук, ақшалай сертификаттар табысталып, жетекші ұстаздарға қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар, Қараөзен мектеп-лицейінің алғашқы директорларының бірі болған ұлағатты ұстаз Мүтиғолла Темірхановтың ұрпақтары лицей оқушылары Аяулым Тілепберген мен Марғұлан Өтегеновке арнайы шәкіртақы табыстады.
Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, партиялық және басқарма басшысының алғыс хаттарын табыс етті.
Айта кетейік республикалық пәндік олимпиаданың І орын иегерінің жетекшісіне 1 млн теңге, ІІ орынға 700 мың теңге, 3 орынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Ал республикалық шығармашылық және зияткерлік байқаулар мен ғылыми жобалар конкурсында үздік танылған оқушылар мен жетекшілері де қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар ауылда мал ұстайтын ұстаздарға 1 тіркеме шөп берілмек. Сондай-ақ Ботагөз Мұсабекқызы мен Шынар Бақтыгерейқызына салалық кәсіподақ тарапынан шипажайға жолдама берілді. Оқушылардың талабын шыңдап, қаржылай қолдау көрсеткен аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары, ауданымыздың кәсіпкерлері және Орал қаласындағы жерлесіміз «Батыс Бизнес» ЖШС директоры Аян Серікұлы Молдағалиев екенін атап өткен жөн.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-kaztalov/press/news/details/1229176?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау