Жетісу облысында әйгілі әнші әрі сазгер Дәнеш Рақышев бейнеленген мурал салынды. Бұл портрет Жаркент қаласындағы Жібек жолы көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына орналастырылды. Арт-нысан Халық әртісінің 100 жылдық мерейтойына орай жасалды. Еске салсақ, өнер иесі Панфилов ауданындағы Талды ауылында дүниеге келген, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мурал салудағы басты мақсат – Дәнеш Рақышевтың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, оның тұлғасы мен шығармашылық жолын көркем түрде дәріптеу, сондай-ақ жастар арасында патриоттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтып, қаланың эстетикалық келбетін жақсарту.
Муралды салуға суретшілер Олжас Ризабек, Мейірлан Есенғалиев, Олжас Халила және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы түлектері қатысты.
– Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінде муралдар салып жүрміз. Мәселен, еңбектеріміз Астана, Ақтөбе қалаларында тұр. Командамыздың жалпы саны 50-ден астам шығармашылық жұмысы бар. Бұл муралды үш күн ішінде аяқтадық. Жоба Панфилов ауданы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл мурал – талантты композитордың мұрасына көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар шабыт көзі әрі өңірдің мәдени дамуына қосылған маңызды үлес деп есептеймін, – деді Олжас Ризабек.
Жергілікті тұрғындар да муралға қатысты пікір білдірді:
– Қазір Жаркент қаласын үш мурал көркейтіп тұр. Оның бірі – бірлік пен татулықтың маңызын насихаттауға арналса, екіншісі – әйгілі суретші Әбілхан Қастеевке, ал үшіншісі жерлесіміз, әнші әрі композитор Дәнеш Рақышевқа арналған. Осындай шығармашыл тұлғалардың бейнесін салу жақсы әрі пайдалы бастама деп есептеймін. Себебі осы арқылы мәдениетімізге, тарихымызға және рухани мұрамызға жастардың назарын аударамыз, – деді ол.
Атап өтсек, 2023 жылы Жетісу облыстық филармониясына Дәнеш Рақышевтің есімі берілген болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-bastobe/press/news/details/1229466?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау