Сарысу ауданы аумағында ЕвроХем-Каратау компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауытының іске қосылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ербол Қарашөкеев пен Ерсайын Нағаспаев қатысты.
Жаңа өндірістік кешен жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Бұл жоба «ЕвроХем» компаниясының заманауи химия кешенін салуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларына жетеді.
Салтанатты жиында өңір басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту ел экономикасының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, экономикалық тәуелсіздігін нығайту маңызды міндеттердің бірі екенін айтқан болатын. Сондықтан өндіріс секторын жедел дамытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы инвестиция, заманауи технологиялар мен өңірдің өндірістік әлеуеті нақты нәтиже бергенін көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы экономикасына тартылған негізгі капиталға инвестиция көлемі 277,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Қазіргі таңда өңірде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жоба қалыптастырылған.
Биыл жалпы сомасы 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады. Бүгінгі таңда құны 144,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өңір әкімінің айтуынша, химия өнеркәсібі Жамбыл облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Республикадағы фосфор қорының 72 пайызы осы өңірде орналасқан.
Қазіргі уақытта облыстың химия саласында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі бағыттарға фосфор шикізатын өндіру, минералды тыңайтқыштар мен өзге де химиялық өнімдер шығару кіреді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында өңірдің химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 150,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға өсті.
«ЕвроХем-Каратау» компаниясының ауқымды жобасы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең 2016 жылы іске асырылып, фосфорит кенін өндіру және өңдеу бойынша тау-кен байыту кешені пайдалануға берілген. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 126 миллион АҚШ долларын құрады.
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында кәсіпорын 8 миллиард теңгеге бағаланатын 344,9 мың тонна өнім өндірді.
Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі қарқынды жүзеге асуда. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын өндірістік кешен салынуда. Биыл мамыр айында оның алғашқы нысаны – күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталды. Негізгі химия өндірісін іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи әрі экологиялық таза технологияларды қолдану. Жаңа өндірістің жанама өнімі ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынбақ. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.
Құрылыс кезеңінде 2000-ға дейін адам жұмыспен қамтылады. Ал кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін кемінде 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда EuroChem кәсіпорындарында мыңнан астам адам еңбек етуде. Сонымен қатар қызмет көрсету және аутсорсинг ұйымдарында шамамен 300 жұмыс орны құрылған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum-khantau/press/news/details/1229415?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау