Астанада бизнес көшбасшыларын, кәсіпкерлерді, инвесторларды, сарапшыларды және MBA қауымдастығының түлектерін бір алаңға тоғыстырған ауқымды MBA Impact Forum 2026 форумы өтті. Форум Қазақстанда алғаш болып MBA бағдарламасын іске қосып, елдегі бизнес-білім беру жүйесінің негізін қалаған AlmaU Жоғары бизнес мектебінің (GSB AlmaU) 30 жылдығына арналды.
Форумның негізгі тақырыбы өзгеріске толы және белгісіздік жағдайындағы өсу стратегиялары, құндылықтарға негізделген басқару және бизнес-білімнің өңір экономикасына нақты әсері болды.
«MBA мен DBA бағдарламаларының ең басты құндылығы – диплом немесе дәріс конспектілері емес. Ең маңыздысы – білім қауымдастығы. Бұл – бір-біріне сенетін, ортақ тіл таба алатын және тәжірибе алмасатын адамдардың ортасы», – деп атап өтті AlmaU президенті Асылбек Кожахметов іс-шараның ашылу салтанатында.
Форум барысында AlmaU ректоры Тимур Булдыбаев қазіргі таңда академиялық жетістікті тек берілген дипломдар санымен өлшеу мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, білім беру ұйымының шынайы күші – түлектердің нақты экономикаға әкелетін өзгерістерінде.
«Біз AlmaU-дағы жетістігімізді түлектеріміздің нақты экономикада қалдыратын ізімен, яғни олардың импактімен өлшейміз. Біздің нық сенетініміз: тәжірибеде қолдануға және нақты басқарушылық шешімдерге айналдыруға болмайтын білім – білім беру емес, жай ғана безендіру. Ал біз тірі бизнестің зертханасы болуды таңдадық», – деп атап өтті ол.
Ғаламдық футуризм және AI дәуіріндегі адами құндылықтар
Форумға қатысқан халықаралық хедлайнерлер технологиялық серпіліс – жаппай роботтандыру мен жасанды интеллекттің дамуы – жай ғана жаңа бағдарламалық құралдардың пайда болуы емес, адам еңбегінің бүкіл логикасының түбегейлі өзгеруі екенін айтты. Бұл жағдайда ең үлкен тапшылықтың өзі адам капиталына айналуда.
Future Readiness Forum ұйымының CEO-сы Тарик Курейшидің айтуынша:
«Әлем неғұрлым технологиялық әрі жасанды интеллект арқылы басқарылатын болса, біз соғұрлым адамгершілік қасиеттерімізді күшейтуіміз керек. Жасанды интеллектке беруге болатынның бәрі міндетті түрде соған беріледі, өйткені ол мың есе жылдам әрі мың есе арзан болады. Бірақ цифрландыру мүмкін емес дүниелер – махаббат, жанашырлық, сенім мен даналық – мың есе құнды бола түседі», – деді ол
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект саласындағы серпіліс адамзатқа орасан зор мүмкіндіктер сыйлағанымен, нейрожелілерді бақылаусыз коммерциялық енгізудің кері әсері ретінде адами капитал дағдарысы тереңдеп, технологиялар әлеуетті қауіпке айналуы мүмкін.
AI-футуролог Павел Лукшаның айтуынша:
«Жасанды интеллекттің келуі leapfrogging, яғни “бақаның секірісі” әсерін береді. Бұл бірнеше даму сатысын бірден аттап өтіп, барлық кезеңнен өтпей-ақ жаңа технологиялық деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, ескі инфрақұрылымның кейбір элементтеріне инвестиция салмай-ақ, бірден қажетті нәтижеге жетуге болады», – деп бөлісті.
Сарапшылар сондай-ақ жаңа технологиялардың Қазақстан нарығындағы ойын ережелерін қалай өзгертетінін, жасанды интеллекттің жас мамандардың еңбек нарығына кіруіне уақытша әсерін және цифрландыру мен биометрияның электронды коммерциядағы тұтынушылар сенімін арттырудағы рөлін талқылады.
Fortune Partners компаниясының бас директоры Дана Тоқмұрзина нақты бизнес тәжірибесінен мысалдар келтірді. Оның айтуынша, компания қазір junior деңгейіндегі мамандарды жұмысқа қабылдауды тоқтатқан.
«Иә, белгілі бір мағынада біз өзімізге зиян келтіріп жатқан шығармыз, өйткені жасанды интеллекттің енгізілуіне байланысты жас мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс табуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бірақ бұл бизнестің жауапкершілік аймағы емес. Егер Білім министрлігі мен университет ректорлары жасанды интеллектті қолдап, осындай кадрларды дайындап жатса, онда олар бізге жұмыс берушілер үшін құнды болатын мамандарды ұсынуы керек», – деді кәсіпкер.
Freedom Ticketon компаниясының Бақылау кеңесінің мүшесі Виктория Торгунакова өз компаниясында жасанды интеллекттің қалай енгізіліп жатқанын баяндады.
«Алыпсатарлармен күресу және бұқаралық іс-шаралардағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында біз биометриялық технологияларды енгізіп жатырмыз. Жақын уақытта Ticketon жүйесі кіруді бақылау жүйелерімен және турникеттермен біріктіріледі. Пайдаланушылар келісім берген жағдайда, билет көрсетпей-ақ бет-әлпеті арқылы өте алады. Бұл кіру процесін әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы етеді», – деді ол.
Harvard Kennedy School түлегі әрі ADL Disputes серіктесі Мұхит Елеуов бүгінгі таңда ешбір адамның шынайы болмысты толық әрі объективті түрде қабылдай алмайтынын атап өтті.
«Біз әлемді өз тәжірибеміз, біліміміз, эмоцияларымыз, жеке ерекшеліктеріміз және когнитивтік шектеулеріміз арқылы қабылдаймыз. Мінез-құлық ғылымдары адамдардың әрдайым рационалды әрекет етпейтінін және шешімдерімізге контекст пен эвристикалардың елеулі ықпал ететінін дәлелдейді», – деді спикер.
Форумның ресми бөлігінде тағы бір маңызды оқиға өтті – AlmaU Жоғары бизнес мектебі мен «BIArt» Креативті индустриялар мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараның қорытындысында lifelong membership (өмір бойғы мүшелік) қағидатына негізделген үздіксіз білім алудың жаңа моделі таныстырылып, барлық қатысушыларға мерейтойлық эксклюзивті мерч табысталды. Одан кейін қонақтар бейресми қарым-қатынасты AlmaU FEST фестивалі аясында жалғастырды.

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау