Эхинококкоз: аурудың белгілері және алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Эхинококкоз ауруы – адам ағзасында кездесетін, адамның жасы мен жынысын таңдамайтын, паразиттік аурулардың ішіндегі ең қатерлі де күрделі созылмалы аурулардың біріне жатады.

Эхинококкоз қоздырғыштары топырақ, су, өсімдік, бақша өнімдері, мал арқылы адамға және басқа да ауылшаруашылық жануарларына жұғуы мүмкін.

Эхинококкоздың таралуы көбінесе географиялық аудандардың ауа-райының ерекшеліктеріне, санитариялық қорғау қызметіне, мәдениетке және жергілікті халықтың сауаттылығына байланысты.

Аурудың негiзгi көзi – иттер, сирек жағдайда төбет тұқымдастар болып табылады (қасқырлар, шибөрiлер, сiлеусiндер, мысықтар). Бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. Эхинококкоз ауруы тек хирургиялық жолмен ғана емделеді.

Эхинококк ошақтарының (кисталар) адам ағзасында орналасуы бойынша бірінші кезекте бауыр – 76,1 %, екінші өкпе – 17,2 %, үшінші іш құрылысы – 3,4% және басқа мүшелер – 3,3 пайызды құрап отыр.

Эхинококкоз ауруы пайда болуының бірден бір себебі – жеке бас гигиенасының сақталмауы, жуылмаған жеміс-жидектерді пайдалану, бұл халықтың санитариялық-гигиеналық салауаттылығының төмен екендігін айқындайды.

Эхинококкоз – экологиялық ауру. Оның таралуына, жаңа эпидемиологиялық ошақтар пайда болуына адамдардың үлесі мол. Бұл ауруды тоқтату, оның таралуына тосқауыл қою үшін үй және қаңғыған иттерге эхинококкоз ауруына шалдыққан малдардың ішкі ағзаларын жегізбеу қажет. Сонымен қатар, келесі профилактикалық шараларды орындау қажет:

– әрбір елді мекенде мал соятын арнайы қасапхана ұйымдастырылып, малдардың эхинококкозға шалдыққан ішкі ағзаларын жойып, олардың итке жем болуына жол бермеу;

– қалалар мен елді мекендерде өлген малдар мен хайуанаттарды, пайдалануға жарамайтын ішкі ағзаларды көметін арнайы стандартқа сай мал қорымдары болуы тиіс;

– мал соятын қасапханаларға иттердің кіруіне және қасапханада пайдаланған суларды иттер мен хайуанаттардың ішуіне жол бермеу;

– ауладағы иттерді есепке алып, оларды уақытылы профилактикалық емдеулерден (дегельминтизация) өткізу қажет. Иттің қиын аула мен бау-бақшаға шашпай бір жерге жинап залалсыздандыру қажет;

– көп пәтерлі үйлерде ит ұстайтын азаматтар итті дұрыс ұстау, оларға қажетті күтімді жасау ережелерін қатаң ұстануы қажет. Иттерді тек арнайы алаңдарда қыдыртып, қиларын уақытылы залалсыздандыру қажет;

– эхинококкоз ауруынан қолайсыз елді мекен тұрғындарын жыл сайын медициналық тексеруден өткізіп, ауруын анықтап, уақытылы медициналық көмек көрсету керек.

Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, өзіңізді және жақындарыңызды эхинококкоз ауруынан қорғай аласыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zhambyl/press/news/details/1235681?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version