Жұмыс сапары барысында өңір басшысына егде жастағы азаматтарды қолдаудың қолданыстағы жүйесі туралы баяндалды. Бұл жүйе әлеуметтендіру, күтім және сауықтыру бағдарламалары бар күндізгі болу қызметін қамтиды. Сондай-ақ мұнда үй жағдайында патронаждық сүйемелдеу ұйымдастырылған, оңалту және күтімге арналған техникалық құралдарды жалға беру және сату пункті жұмыс істейді, кейіннен жұмысқа орналастырумен бірге күтушілерді даярлау жүргізіледі. Қолдау жүйесін цифрлық онлайн-платформа толықтырады.
20 жыл ішінде Sidelki.kz жобасы аясында 500-ден астам отбасыға көмек көрсетілді, 80-нен астам жұмыс орны құрылды, күтім саласы бойынша 120-дан астам маман дайындалып, жұмысқа орналастырылды.
Павлодар облысы бойынша Қазақстанның әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілі, әлеуметтік кәсіпкер Әсем Кисенова жобаның дамуы өңірдің өзекті әлеуметтік мәселелеріне жауап ретінде пайда болғанын айтты.
– Үнемі күтім мен қолдауға мұқтаж қарт адамдар саны артып келеді. Ал негізгі жүктеме көбінесе отбасыларға түседі. Сондықтан қарт азаматтар мен олардың туыстарын қолдайтын кешенді экожүйе құру қажеттілігі туындады, – деді ол.
Облыс әкімі егде жастағы азаматтарға ұзақ мерзімді күтім жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
– Sidelki.kz жобасы – қоғамның нақты сұраныстарын шешуге көмектесетін тиімді әлеуметтік кәсіпкерліктің үлгісі. Жобаның сұранысқа ие қызметтер көрсетіп, жұмыс орындарын ашып, мамандар даярлап жатқаны маңызды. Мұндай бастамаларды қолдау қажет, – деді Асайын Байханов.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы әлеуметтік жобаларды қолдаудың қосымша шараларын пысықтауды, соның ішінде жеңілдетілген шарттармен үй-жайлар ұсынуды және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға бизнестің қатысуын кеңейтуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1237638?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау