Қазіргі таңда республика көлемінде есірткі қылмыстарының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 1 маусымда басталған шара 31 қазанға дейін жалғасады. «Қарасора-2026» іс-шарасының негізгі мақсаты – есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және дайындау деректерінің жолын кесу. Іс-шара басталғалы облыс көлемінде барлығы 9 есірткі құқық бұзушылығының жолы кесілді. Оның ішінде 8 дерегі есірткі өсіру және 1 дерегі есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылық. Есірткі өсіру деректерінің 3-і далалық аумақтарда, 5-і тұрғын үйлердің ауласында анықталып, заңсыз өсірілген құрамында есірткі заты бар өсімдіктер тәркіленді. Заңсыз есірткі өсірумен айналысқан 5 азамат құрықталып, оларға қатысты заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешімдер қабылданды. Сонымен қатар әскери тікұшақтың көмегімен 3 рет әуеден бақылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Абай және Бірқазан ауылдары маңында есірткі өсірудің 2 дерегінің жолы кесілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жедел-профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу, ірі партияларын анықтау және ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін әшкерелеу бағытында жұмыстар жүргізуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1237043?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау