ТЫРЫСҚАҚТЫҢ (ХОЛЕРА) ПРОФИЛАКТИКАСЫ !

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тырысқақ-аса қауіпті карантиндік, жедел жұқпалы ауру!

Тырысқақ ауруы организмде су-тұзды және белоктық алмасудың бұзылуымен, сусыздануымен, токсикозбен, гастрэнтерит белгілерінің өтуімен сипатталады. Тырысқақ вибрионы-ауру қоздырғышы суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады.

Жұғу жолы

Аурудың негізгі көзі-ауру адам немесе вибриотасымалдаушы (қоздырғышты сыртқы ортаға нәжіспен, құсықпен бөліп жүреді, бірақ өзі ауырмайды). Адам ағзасына ауру қоздырғышы ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге науқаспен қарым-қатынаста болса, залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, тағам өнімдері, қоздырғышпен зақымдалған ыдыс, кір қол арқылы жұғады.

Клиникалық көріністері

Аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 3-5 күнде пайда болады. Ауру жедел басталады, дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін, науқас жиі іш өтуіне, құса беруіне шағымданады. Қоздырғыш организмді уландыру жолымен асқазан-ішек жолдарының қорыту жұмысын бұзып, науқастың нәжісі күріштің жуыға суы тектес иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Алғашқы тәулікте дәреттің жиілігі 5-10 рет, ал ауыр жағдайда одан да көп болады. Науқас көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы әлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы әлсіз және беткей дем алады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді. Кейде аурудың бірінші күндерінде науқас өліп кетуі мүмкін.

Алдын алу:

Тырысқақтың алдын алу мақсатында әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністерді тағамға қолданар алдында міндетті түрде жуу, суды және сүтті тек қайнатып ішу, тағам өнімдерін шыбындардан сақтау, тамақ ішер алдында және дәрет алғаннан кейін қолды сабынмен жуу керек. Тағам және сусындарды арнайы дүкендерден, таза, барлық санитарлық талаптар сақталған сауда орындарынан сатып алған абзал. Су көздерін әр түрлі ластанулардан сақтау керек. Тасқынның салдарынан ластанғандықтан ашық суларда шомылуға болмайды. Тек белгіленген жерлерде ғана-хауыздарда шомылған дұрыс. Барлық қоқыс контейнерлердің қақпақтары жабылып, залалсыздандырылуы қажет. Осы қарапайым ережелер сақталса, аурудың алдын алуға болады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралып, емделуі керек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-karabalyk-audany-akimat/press/news/details/1237041?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version