Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тарихындағы алғашқы бокс турнирі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құқық қорғау органдарының үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Бұл жеңістің артында қажырлы еңбек, жүйелі дайындық, темірдей тәртіп пен туған өңір намысын абыроймен қорғауға деген зор жауапкершілік жатыр.
Жеңімпаздарды туған жерінде қарсы алу ерекше әсерлі сәттердің біріне айналды. Семей қаласына кіреберісте әріптестері чемпиондарды қарсы алып, арнайы автокеруенмен қалаға бастап келді. Қаланың орталық алаңында спортшыларды ата-аналары, жұбайлары, балалары, жақындары мен қызметтестері күтіп тұрды. Оркестр әуені мен жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласы аясында жеңімпаздарға ерекше құрмет көрсетілді.
Көптеген спортшылар үшін бұл сәт жарыс кезіндегі толқыныстан кем түскен жоқ. Өйткені ең үлкен марапат – медаль ғана емес, туған-туыстың мақтанышы, әріптестердің құрметі және қызмет абыройын лайықты қорғау.
– Спорт адам мінезін шыңдап, төзімділікке, тәртіпке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді. Бұл қасиеттер әрбір полиция қызметкері үшін аса маңызды. Алдағы уақытта да облыс намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер, – деді департамент бастығы.
ІІМ-нің алғашқы бокс турниріндегі бұл жеңіс – тек спорттық жетістік қана емес. Бұл Абай облысының полицейлері қызметте де, спорт алаңында да жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдеген жарқын көрсеткіш.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1236458?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау