Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы иммундау мәселесіне арналған брифинг
Бүгін ШЖҚКМК «Павлодар облыстық онкологиялық диспансері» базасында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы иммундау мәселесіне арналған брифинг өтті.
Брифинг спикерлері ретінде онкодиспансер директорының орынбасарлары Әсел Тоқмағамбетқызы Асқарова, Тельман Бақытұлы Әлғожин және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова сөз сөйледі.
АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – елімізде жатыр мойны обырының, сондай-ақ АПВ-мен байланысты қатерлі ісіктердің басқа түрлерінің таралуын азайту. 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді.
Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеліп, 600-ден астам әйел осы аурудан көз жұмады. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу – еліміздің болашақ ұрпағының денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес, жоспарлы түрде 11 жастағы қыздарға және 12–13 жастағы қыздарға толықтырушы иммундау жүргізіледі. Вакцина екі дозамен салынады. 11–13 жас аралығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және онколог мамандардың ұсынымдары негізінде таңдалған, себебі дәл осы жаста ағзада ең тұрақты иммунитет қалыптасып, вакцина барынша жоғары қорғаныс береді. Ағза вакцина құрамына кіретін АПВ типтеріне қарсы инфекциялардың алдын алатын антиденелер түзеді. Осы вирус типтеріне қарсы вакцинацияның тиімділігі 100 пайызға дейін жетеді.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен АПВ-ға қарсы вакцинацияланатын балалар мен жасөспірімдердің жас санаты кеңейтіліп, енді 14–17 жас аралығындағы қыздар да вакцина ала алады. Иммундау бұрынғыдай төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен үш рет жүргізіледі. Бұл шешім екпе алуға арналған жас шегін ұлғайтуды сұрап бірнеше рет өтініш білдірген азаматтардың ұсыныстары негізінде қабылданды. Қазіргі таңда вакцина адам папилломасы вирусының және онымен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілі болып саналады.
Брифинг барысында вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай және иммундаудың өзекті мәселелері де талқыланды. Бүгінгі күні облыс бойынша АПВ-ға қарсы 6 319 бала вакцина алған.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық вакциналар халықаралық және ұлттық деңгейдегі көп сатылы сараптамадан өтеді, тіркеуден өткізіліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес қолдануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар вакциналардың сапасы өндірістен бастап қолдануға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылауда болады.
Вакцинация арнайы даярлықтан өткен және екпе жүргізуге рұқсаты бар медицина қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылады. Екпе алдында вакцина алушы міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді және ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімі алынғаннан кейін мектептің медициналық кабинетінде немесе емхананың егу кабинетінде вакцина салынады.
Вакцинация мәселелері бойынша толық ақпаратты egu.kz сайтынан және 7701 сенім телефоны арқылы алуға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/press/news/details/1235649?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау