ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙСЫЗДЫҚ ТУҒЫЗҒАН КӨШЕЛЕР БІР АЙ ІШІНДЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ ТИІС

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ортақ тұрғын алабындағы кәріз желілерін салу жобасы аясында қала аумағындағы бірқатар көшелерді аралап, құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы Сауран секторындағы М.Төлебаев көшесінде жүргізіліп жатқан сарқынды су жүйесінің құрылысын және жол жабындыларын қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, К.Сарыбай көшесінде мердігер мекеме – «Қызмет» ЖШС өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала әкімі кәріз желілерін тарту барысында қазылған көшелер мен бүлінген инфрақұрылым нысандарын бастапқы қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Әсіресе, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайсыздық туғызбау мақсатында бір ай мерзім ішінде асфальт жабындыларын толық қалпына келтіріп, абаттандыру жұмыстарын аяқтауды міндеттеді.
– Тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектері назардан тыс қалмауы тиіс. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Қазылған көшелерді қысқа мерзімде қалпына келтіріп, халыққа қолайлы жағдай жасау – жауапты мекемелердің басты міндеті, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, Ортақ тұрғын алабының кәріз желілерін салу жобасының үшінші кезеңі 2025–2028 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында жалпы ұзындығы 167,187 шақырым болатын кәріз желілері салынып, 8 625 абонентті орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу көзделген.
Қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды, сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жедел әрекет етуді тапсырды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1238661?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version